Еліміздегі әскери бөлімдерде бейнебақылау камерасы қойылып, сарбаздар мен командирлер бейнежетон тақпақ. Әскери саладағы басқа да жаңашылдықтар туралы Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бас прокурордың X желісіндегі аккуантында жазуынша, әскери қызмет қауіпсіздік, абырой, тәртіп пен әділет қағидаттарына негізделуі қажет.
Осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, Берік Асылов Бас әскери прокуратураға Қарулы Күштермен, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдармен бірлесіп екі жаңа жобаны енгізуді тапсырғанын мәлімдеді. Олар "Әскердегі заң және тәртіп", және "Цифрлық профилактика".
"Мақсат – әрбір әскери қызметші қорғалған, ал командир сенім мен қолдауға ие болатын жүйені қалыптастыру.
Ең алдымен әскери бөлімдерде заманауи IT-жүйелермен бейнебақылау орнатылады. Жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы жағдайды автоматты түрде талдап, жеке құрамның қауіпсіздік деңгейін арттыру көзделуде.
Командирлерді (далалық жаттығуларда, атыс кезінде, оқу-жаттығуларда) және қарауылдағы, жауынгерлік кезекшіліктегі мерзімді қызметтегі сарбаздарды бейнежетондармен жарақтандыру жоспарлануда. Бұл қызметті өткеру барысында нақты әрі үздіксіз бақылау жүргізуге мүмкіндік береді", — дейді Бас прокурор.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде armia.kz сайтында цифрлық кеңесші іске қосылған. Сонымен қатар жаңа байланыс арналары енгізілуде – әрбір сарбаз қайда жүгіну керектігін біліп, оған назар аударғанына сенімді болуы тиіс.
Бұдан бөлек, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында әскерге шақыру және медициналық комиссия отырыстарының аудио-видеосын тіркеу, хаттамаларды цифрландыру және оларды шақырылушылардың өздеріне қашықтан қолжетімді ету мәселелері пысықталуда.
"Бұл – медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтарды мерзімді қызметке шақырудың алдын алады. Бұл және өзге де шаралар– әскери қызмет атқару кезінде сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тиімді тетіктер бола алады", — деп атап өтті Берік Асылов.