Қазақстан мен Ұлыбритания қорғаныс ведомстволары арасындағы әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Құжатқа қол қою рәсімі Лондонда өтті. Онда Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Аппарат басшысы, полковник Ербол Құмарбекұлының басшылығымен министрліктің делегациясы ресми сапармен болды.

Іс-шара барысында екіжақты әскери ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері және өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары талқыланды. Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындарында қазақстандық әскери қызметшілерді бітімгерлік, тілдік даярлау және оқыту негізгі бағыттар болып табылады.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Қорғаныс министрлігі арасындағы 2025–2026 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды.