Бүгінде биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) шығаратын, сататын, жарнамалайтын компаниялар жеткілікті. Дегенмен ББҚ – кез келген кеселден құтқара салатын дәрі емес. Соған қара­­ мастан , дәрігерлердің нұсқауынсыз, мамандарға тексеріл­мей-ақ оның түр-түрін сатып алып, іше беретін адамдар көбейген.

Қан талдауларын жасатып, қандай дәруменге зәру болып жүргеніңізді біліп ішсеңіз, на­рықта сапалы, табиғи ББҚ табы­лады. Осы тұрғыда ғылы­ми зерттеулер не дейді, кері көрсеткіштер бар ма деген сауалдарға тоқталмас бұрын, жағымды бір жаңалық­пен бөлісе кеткен жөн. Елімізде Денсаулық сақтау министрлігі пәрменімен, биологиялық бел­сенді қоспалардың түпнұс­қалы­ғын тексеруге болатын цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді. Қанат­қақты жоба халықты контра­фактілік өнімдерден қорғап, ББҚ-ның ашық нарығын құру мақсатында қолға алынды. Өнім қаптамасына «Data Matrix» уникалды код қолдану арқылы оны жет­кізу тізбегі бойынша толық ба­қы­лауға мүмкіндік беретін жүйе іске қосылды. Әрбір кодта өнім­нің атауы, партия нөмірі, өн­діру­ші, жарамдылық мерзімі, басқа да маңызды ақпараттар шоғырланған.

Бұған дейін де елімізде ББҚ өндіру, импорттау мен сатуға мем­лекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана рұқсат етілетін. Бірақ ББҚ-ны жарнамалау барысында оның дәрілік зат емес екен­і міндет­ті түрде ескертілуге тиіс еді. Таңбалау кодтары мем­лекеттік органдарға қос­па­ларды өндіру­ші­ден түпкі тұ­тынушыға дейінгі қоз­ғ­алысын қада­ғалауға мүмкіндік беріп, бұл қа­дам контрафакт пен жалған, жасанды өнім­дердің санын азайтуға септесуге тиіс.

Қанатқақты жобаны жүзеге асыратын «Tanba» Бірыңғай таң­ба­лау операторының дәрілік зат­­тарды таңбалау жобасының же­текшісі Анар Кәрібаева бұл бас­таманы маңызды деп бағалап отыр. Себебі биологиялық бел­сенді қоспаларға арналған цифр­лық таңбалау жүйесін енгізу – тұты­нушыларға ғана пайдалы емес, сон­дай-ақ мемлекет пен адал биз­неске бірқатар стратегиялық артық­шылық бермек.

«Цифрлық таңбалау әрбір тауар­ бірлігінің өндірушіден тұ­ты­нушыға дейінгі қозғалысын айқын көрсетеді. Бұл фальсификат­­тар­­ды тез анықтап, оларды нарық­­тан жедел алып тастауға мүмкін­­дік береді. Екіншіден, осы жоба ­аясында нарықты ретке келтіру­ге болады. Көлеңкелі нарық өкіл­дері, яғни заңды жеткізу тіз­бегінен табылмаған кәсіпкер­лер нарықтан ығыстырылады. Бұл адал бәсекелестікті арттырып, биз­нес­тің ашық әрі әділ дамуына ықпал етеді. Үшіншіден, көлеңкелі айналым­нан шығу ресми сатылымдарды арттырады, нәтижесінде бюджетке түсетін салық түсімдері кө­бейеді. Төртіншіден, тұтынушылар­дың сенімі артады. Сатып алушылар өнім­нің түпнұсқалығын тексеріп, толық ақпа­рат ала алады. Ең бастысы, мемлекеттік бақылау күшейеді. Құзыр­лы мекеме нақты уақыт режімінде өн­діріс көлемін, импортты, сатылым мен қалдықтар­ды бақылай алатындықтан, өнім­нің бүлінуі, сақтау шарттары­­ның бұзылуы немесе кері қайтару қажеттілігі туындаған жағдайда жедел әрекет ете алады», деді А.Кәрібаева.

Таңбаланған өнімдер қажетті тексерулер мен сертификаттаудан өтетіндік­тен, олардың қауіпсіздігі арта түседі. Жобаға өндірушілер, им­порт­таушылар, дистрибьюторлар, бөлшек, желілік сауда өкіл­дері қаты­са алады. Кәсіпкерлерге таң­балау ақпа­рат­тық жүйесінің мүмкіндіктерін тегін сынап көруге мүмкіндік берілген. Тұтынушылар өнімнің түпнұсқалығын бірегей сандық кодты Naqty Onim қосым­шасы арқылы тексере алады.

Дегенмен халықты да нарықты да контрафакт пен жалған тауар­лардан қорғау өзекті десек те, орайы келіп тұрғанда тоқтала кету­ге тиісті жайттар бар. Бұл – мә­се­ленің екінші жағы, яғни отан­дастарымыздың белгілі бір бөлігі өздігінше ББҚ қабылдауға әуес.

Танымал психотерапевт, меди­ци­на ғылымдарының кандидаты Жібек Жолдасова әлеуметтік желідегі парақша­сында былай деп жазды: «2019 жылы кең көлемді зерттеулер жарияланып, 2023 жылы АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) ББҚ туралы анықтамалық шығар­ған. Осы екі дереккөзде ББҚ туралы назар аударарлық әңгімелер көп. Мысалы, кальций қоспалар түрінде қабылданғанда, тағамнан алынған кальцийге қарағанда әлдеқайда зиянды, әрі нашар сіңеді. Сондықтан капсула ішкеннен гөрі кальцийге бай тағамдарды тұтынған дұрыс. Қоспа күйін­дегі кальций қан тамырларында атеросклерозды да күшейтіп, онкологиялық өлім-жітім санын арттырады деген деректер бар. Мәселен, магний, мырыш, А, К дәрумендері табиғи ас арқылы асқазанға түскенде ажалды алыс­татады, бірақ ББҚ түрінде емес. D дә­румені – ең даулы тақы­рып­тардың бірі. Ол белгілі бір мөл­шерде ғана пайдалы. Артық ішсең бұлшықет ауруларына, көңіл күйдің нашарлауына, бүйректе тас байлануына душар етуі мүмкін. Инфаркт пен инсульт қаупін арттырады, басқа дәрі-дәрмектердің көпшілігімен үйлеспейді».

Маманның қысқа ғана жазбасы көп жайттан хабар беріп тұр. ББҚ зерттеулері туралы мәліметтерді одан әрі індетсеңіз, мынадай дерекке тап боласыз. ББҚ қа­был­дау­ға қатысты жүргізілген зерттеу­­лерге 40 мың әйел тартылып, ББҚ мен поливитаминдер қабылдаған­дар қыз-келіншектер арасын­да мерзімінен бұрын көз жұмған­дар көрсеткіші жоғарылағаны анық­талған. Поливитаминдер олардың ешқайсысын обырдан, жүрек-қан тамыр аурулары немесе мезгілсіз ажалдан арашалай алмаған. Сол сияқты А дәрумені де шы­лым­қорлар арасында өкпе обы­рының өршіте түсуі мүмкін екен. Дег­бірсіздікке дәру деп есептеліне­тін кава шөбі де табиғи құрал ретін­де танылғанымен, улы гепатитке себепші болуы ғажап емес, яғни антидепрессанттардан да зиянды.

Тағы бір алаңдататын дерек, 2018 жылы 800 түрлі ББҚ-ға тал­дау жүргізілгенде, олардың 80%-ы­ның құрамында бір фар­макология­лық препарат болғаны, 20%-ы екі препарат, 33%-ы үш түрлі препараттан тұратыны анықталған. Ең өкініштісі, бұл препараттардың көпшілігінің жаппай өндірістен алынып тасталғаны ­немесе мүлде рұқсат етілмегені белгілі болған. Есесіне, ол қаптамада мүлдем көрсетілмеген немесе бейтарап атаулармен жасырылған. Соның кесірінен кейбір зейнеткерлердің ББҚ-ны дәрі ретінде қабылдап, ауруларын асқындырып алған жағдайлары бар.

Биологиялық белсенді қоспа­лар­ды тұтыну деңгейі әр елде әртүрлі. Жапония, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде ББҚ нарығы өте дамыған. Тұрғын­дар денсаулықты сақтау мен ауру­лардың алдын алу мақсатында түрлі қоспа­ларды жиі пайдала­нады. ББҚ нарығы бұл елдерде қатаң бақыланады.

Өзге де халықаралық тәжі­ри­белерді безбендейтін бол­сақ, Ресейде 2023 жылғы 1 қазан­нан бастап таңбалау барлық на­рық қатысушыларына міндет­тел­ген. Нәтижесінде, нарық қатысушы­ла­ры­ның саны 3 есеге артып, импорттаушылар қатары 200-ден бірден 1 500-ге дейін көбейген. Күмәнді жеткізілімдер көлемі 30%-ға қысқарған. Индонезияда өнім­нің шығу тегі мен заңдылы­ғын бақылауға арналған кодтарды енгізу жобасы дайындық сатысында тұр. Қытай елінде «Safe Food», «Smart Traceability» стратегиялары аясында кейбір ББҚ санат­­тары таңбалау кодтар арқылы бақы­ланып, жекелеген провинция­ларда енгізіліп жатыр.

Біздің елде де отандас­тары­­мыздың ББҚ-ға деген қызы­­ғу­шы­лығы, денсаулы­ғын сақтауға деген мүдде­лілігі артып келе жат­қаны қуантады. Бүгінде ББҚ-ға қатысты зерттеулер мен реттеу жұмыстарын Ұлттық биотехнология орталығы атқарады. Мекеме биотехнология саласында іргелі, қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Денсаулық сақтау министрлігі ББҚ-ның қауіпсіздігі мен сапасын бақылауға жауапты болғандық­тан, ББҚ-ны сәйкестендіру құрал­дарымен таңбалау жөніндегі қанат­қақты жобаны іске қосты. Мұнан былайғы жерде ББҚ сатып алмас бұрын, оның Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелгенін тексеріп алу оңай. Қарапайым оқырманға айтарымыз, созылмалы ауруларыңыз болса немесе басқа дәрі-дәрмектер қабыл­дап жүр­сеңіз, ББҚ сатып аларда алдымен ара­дағы делдалдарға емес, дәрігерлерге сеніңіз. «Бүкіл ауруыңызды жоқ қылатын» жарна­маларға сын көзбен қарағаны­ңыз абзал.

АЛМАТЫ