Арабтар ескі көліктерді қайта кәдеге жаратып жатыр.
Тіпті істің ебін тауып, қыруар пайда көре бастады. Бизнес те жергілікті автоөндірістен гөрі осы салаға көп қаржы құюға көшкен.
Сөйтіп, бір жылда бұл бизнесте 300 мыңға жуық көлік қайта экспортталып, экономикаға 20 млрд доллар кіріс түскен.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Дубайдың ең ірі көлік базары еркін экономикалық аймақ мәртебесін иемденген. Сондықтан оған әлемнің әр түкпірінен автокөліктер әкелінеді. Сосын қайта экспортқа жөнелтіледі. Сатып алушылар да сан алуан. Түрлі мемлекеттен келіп, жүздеп, тіпті мыңдап темір тұлпар тізгіндеп кетеді.
Әмірліктің жүрілген автокөліктер нарығында аптасына кемі 2 мәрте бәссауда өткізіледі. Онымен мұнда 20-ға тарта мекеме айналысады. Қозғалыс құралы әдетте бастапқы бағадан 70 пайызға дейін жоғары сатылып жатады. Нарықтың қыр-сырын жетік білетін маман болса, талғамға сай темір тұлпар табу аса қиын шаруа емес. Көлік көп. Адам қарасы да қалың.
Мұхамед Абдул Фатах, аукцион ұйымдастырушы:
- Қолданылған көліктерді алып келудың бірнеше жолы бар. Негізінен АҚШ, Германия, Ұлыбритания және Кореядан тасымалдаймыз. Кейде жергілікті көліктер де сатылымға қойылады. Мәселен бүгін 200 данасы аукцонға шығарылды.
Дубай мен шарджалықтар үшін қолданылған автокөлік қыруар пайда әкелетін бизнеске айналды. Нарық мүмкіндігі былтыр 20 млрд доллардан асты. Африка және Азия елдері ең ірі тұтынушы. Ел билігі саладағы әлеуетін тиімді пайдаланып отыр. Аукцион өтетін аумақта құрал-саймандар сатуға да рұқсат берілген. Экспортқа еш салық салынбайды. Егер көлік ішкі нарық үшін сатып алынған болса, 10 пайыз мөлшерінде арнайы төлем жасау міндеттеледі.
Имран Илхамулла, автокөлік компаниясының басшысы:
- Аукцион қазір трендке айналды. Ол үшін мұнда арнайы платформа бар. Көлік 2-3 минутта өз иесін табады. Аптасына екі аукцион өткіземіз. Әрқайсысында 150, яғни аптасына 300 көлік сатылады. Бұл — бір ғана орталықтағы көрсеткіш.
Жалпы шығанақ ежелден ірі сауда керуендері тоқтап, аялдайтын аумақ. Жүктерді ауыстырып-тиейтін әлеуеті басым. Көлік экспорты үшін үкімет арнайы экономикалық аумақтан орын бөліп, бәссауда өткізетін мекемелер санын арттырды. Тиімділігі орасан шаруадан қазақстандық кәсіпкерлер де шет қалып жатқан жоқ. Отандасымыз Жасұлан Оспанов араб жерінде 3 жыл бұрын автобизнесін бастап, тұтас ТМД кеңістігіне таңдаулы маркадағы көліктер сатты. Енді шаруасын кеңейтуге кіріскен.
Жасұлан Оспанов, автосервис басшысы:
- Қазіргі кезде Ресейге де, Африка елдеріне, Еуропаға да машина жіберіп жатырмыз. Мақсатымыз – бұл жақта сапа жоқ. Бүкіл техникалық қызмет көрсету орталықтары ашық типте жұмыс істеп жатыр. Ал біз жабық түрде салып жатырмыз. Жөнделген көлік бояуы жақсы бейімделсін дегендей. Сол мақсатқа 1000 шаршы метр жер алып, құрылысын бастап кетті.
Бір айта кетерлігі, Әмірліктің өз автоөндірісі де бар. Мемлекет оны өркендетуге барынша күш салып жатқанымен Еуропа, АҚШ, Жапония және оңтүстіккореялық көліктерді қайта экспорттау тиімді бизнес болып отыр. Ескере кететін жайт, нарықта өзін ресми брокермін таныстыратын алаяқтар аз емес. Араб жеріне арзан темір тұлпар іздеп келгендер кейде оларға тап болып, сан соғып қалады. Сондықтан қандай да бір бәссаудаға қатыспас бұрын әуелі сала мамандарының кеңесіне жүгінген абзал.
Рауан Мыңбай