Оқыған жақсы. Тек дипломды маман артынан лайықты қызмет тауып жатса , оңды. Елде ресми тіркеуі жоқ өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны 170 мыңнан асты, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіштен 10%-ке көп. Сарапшылар халықтың мұндай тобын нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар деп жіктеген. Олардың экономикадағы үлесі қандай? Елдегі жұмыссыздық деңгейі қалай өзгерді?

Нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны артты

Жылдың екінші тоқсанында елдегі нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 170 мыңнан асты. Олардың 70%-і еш жерде тіркелмеген тәуелсіз жұмысшылар. Яғни, өз бетінше тауар өндіріп, қызмет көрсетеді, бірақ мемлекет назарынан тыс қалып отырған адамдар. Бұл қатарға жеке кәсіпкерлер мен табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін жандар да жатқызылған. Олардың үлесі 24% шамасында. Ұлттық банк сарапшылары мұндай жұмысшылардың экономикаға пайдасы жоқ деген пайымда. Сәуір-маусым айларында нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың жұмыс күшіндегі үлесі 1,7%-ті құраған. Ал еңбек нарығының басқа пайыздық көрсеткіштері мүлде өзгермеді.

Елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6% болды

Ресми статистикаға сүйенсек, елде 9,3 млн адам еңбек етеді. Оның 76%-і – жалдамалы жұмысшылар. Бұл 7 млн адам. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны 2 млн-нан асады. Ал ресми жұмыссыздық деңгейі қатарынан төрт тоқсан бойы 4,6% болып отыр. Көрсеткіштің өзгермей келе жатқанына Мәжіліс депутаттары алаңдаулы. Нартай Сәрсенғалиев әдіснаманың дұрыс құрылғанына күмән келтіріп, Үкімет басшысына сауал жолдаған еді. Қазір елдегі жұмыссыздар саны 450 мыңға жуықтады. Ресми статистикада жұмыссыздар деп жұмыс іздеп жүрген және жұмыс істеуге дайын адамдар саналады. Мәжіліс депутаты 5 млн-нан аса қазақстандықтың зейнетақы қорында қаражат жоғын, әлеуметтік аударымдары да жасалмағанын алға тарты. Осы орайда Үкімет жұмыссыздар санын есептеу әдіснамасын қайта жасауға уәде еткенін атап өтті.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жаңадан жұмыссыздардың санын есептеу әдіснамасы дайындайды. Халықаралық еңбек ұйымдарының арнайы ұсынымдары негізінде. Бұл өте маңызды. Үкіметтің де мұны түсінгені бізді өте қуантады. Өйткені біз шынайы проблеманы білмейінше, бұл мәселені ешқашан шеше алмаймыз. «Жұмыспен қамту бағдарламалары нәтижесіз болып жатыр. Соның барлығының қаражатын қайтарылуын қадағалаңыздар», - дедім, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өзгерістер енгізеді. Премьердің қолымен жауабы келіп тұр.

Бұған дейін ұлттық статистика бюросы деректердің дұрыс көрсетілмейтінін жоққа шығарды. Олар нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарды, уақытша жұмыс істеп жатқандарды және экономикалық белсенділігі төмен азаматтарды жұмыссыздар қатарына қоспайды екен. Әйтпегенде, көрсеткіш 8,3%-тен асып кетер еді.

Жұмыссыздар саны қысқарды

Ұлттық статистика бюросындағылар жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздар саны 2,7 мың адамға қысқарғанын жеткізді. Ал еңбекке қабілетті азаматтардың басым бөлігі сауда саласында тер төгіп жүр. Білім беру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы да мамандардан кенде емес. Сарапшылар 15 жастан жоғары жұмысшылар жалпы жұмыспен қамтылғандардың 64%-ін қамтитынын айтты. Әйтсе елде, елде техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша маман тапшылығы түбегейлі шешілген жоқ. Мемлекет басшысы бастамашы болған «Жұмысшы мамандықтар жылы» бұл мәселені реттеуге септесуі тиіс.