Астанада ірі сауда орталығынан шыққан өртті сөндіру кезінде 3 қызметкер жарақат алды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Зардап шеккендерге тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр . Ал дәл осы сауда үйінде кәсіппен айналысқандар шаш-етектен шығынға батты.

«Биг Шанхай» сауда орталығының сау-тамтығы қалмаған. Барлығы өртке оранды. Оның үстіне қабатаралық жабындары опырылып кеткен. Төтенше жағдай қызметкерлеріне өртті сөндіру оңайға түсіп жатқан жоқ.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша сауда үйінің әкімшілігі мен күзет қызметкерлерінен өрт туралы хабарлама түспеген. Ғимараттан түтін шығып жатқанын ең алдымен жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімінің қызметкері байқаған.

Жеке құрам оқиға орнына келгенде қызыл жалын ғимараттың үш бірдей қабатын шарпып үлгерген. Мамандар іргелес орналасқан базарды өрттен сақтап қалды. Алайда тілсіз жауды ауыздықтау кезінде 3 қызметкер жарақат алған.

Бақытжан Мәуленбердиев, қалалық ТЖД бастығының бірінші орынбасары:

- Әртүрлі жарақаттар. Қазіргі таңда ауруханада көмек алып жатыр. Өрт кезінде конструкция қиындық тудырды. Арнайы тепловизормен өлшеген кезде, жақындағанда 700-800 температуға көтеріліп тұрды. Сонда өрт кезінде іште қандай температура болғанын өздеріңіз ойлаңыздар. Конструкция сэндвич панельден салынған. Оған қарамастан өрт сөндірущілер өрт сөндіру жұмыстарын тоқтатқан жоқ.

Сауда орталығында 260 шақты кәсіпкер жұмыс істеген. Оқыс оқиға салдарынан олар барлық тауарынан айырылды. Айтуларынша, әрқайсысы миллиондаған шығынға батқан. Әкімдік тарапынан арнайы штаб құрылып, кәсіпкерлерге кеңес беріліп жатыр.

Шолпан Жұмаділ, кәсіпкер:

- Менікі 100 миллионға жетеді, асып кетпесе. Ол жерде маусымдық тауар. «Кішкене болса да, алып шығайын», – деп ертерек ұшып келдім. Келсем кіргізбеді. Өйткені жартылай жанып кеткен. Кредитті кешіре ме, әлде кейінге қалдыра ма – білмеймін. «Кейін өздері хабарласып айтады», – деді.

Сауда үйінің иесі ғимараттың өрт қауіпсіздігі жүйесімен қамтылғанын алға тартып отыр. Оның үстіне күзетшілер болған. Алайда өрттің қайдан шыққанынан бейхабар. Серіктестік басшысы саудагерлерге қол ұшын созатынын айтты.

Гүлнәр Садықова, «Нұрбереке-555» ЖШС директоры:

- Иә, түнде 10 күзетші болды. Енді мен «отпусктемін», кеше түнде қалай болғанын білмеймін. Кредит, банк жағымен жұмыс істеп жатырмыз. Әкімдік, ЧС – бәрі осы жерде жұмыс істеп жатыр. Шамамыз келгенше кәсіпкерлерге көмектесеміз.

Қызыл жалын таңда оқшауланғанымен, толық сөндіру жұмыстары күні бойы жалғасты. Оған 100-ден астам адам мен 60 шақты техника жұмылдырылған. Ал оқиғаның шығу себебі мен шығын көлемі әзірге белгісіз.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап