Абай облысы Мақаншы ауданы Келдімұрат ауылында бір ғасырдан астам уақыт медицина саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Бұқашиндер әулеті тұрады.
Халыққа жарты ғасырға жуық қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Кенжебек Бұқашин осы әулеттің тірегі. Ал оның балалары әке жолын жалғап, дәрігерлік мамандықты өмірлік миссия ретінде таңдаған.
Кенжебек Бұқашин медицина саласында қырық жылға жуық табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігер. Еңбек жолын педиатр мамандығынан бастаған ол, уақыт өте келе жалпы практика дәрігері атанып, халыққа қызмет көрсету аясын кеңейтті. Қазір ауылдағы емхананың меңгерушісі. Биыл зейнет демалысына шығуды жоспарлап отыр.
Кенжебек Бұқашин, жалпы практика дәрігері:
- Мен енді дәрігер мамандығын таңдағаныма өкінбеймін. Ол өйткені мен бала кезден дәрігер болуды армандадым. Областной олимпиадағы барғанда мені пединститутқа ұсынған.Пединституттың математика факультетіне.Бірақ өзім ойлана келе дәрігерлікті таңдап, Семей медицицна институтына документ тапсырғанмын.
Кенжебек ағаның жұбайы Қайыргүл Сұлтанова да ақ халатты абзал жан. Ол отыз жылдан астам уақыт бойы балалар мейірбикесі болып қызмет етіп келеді. Екеуі бір салада жүріп табысып, шаңырақ көтерген. Бүгінде төрт ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Балаларының екеуі ата-анасының жолын қуып, медицина саласында еңбек етіп жүр.
Қайыргүл Сұлтанова, балалар мейірбикесі:
- Маған осы медицина саласы жүрегіме жақын.Қазір балалармен жұмыс істеймін. Туа салысымен роддомнан шыққан соң бес жасқа дейін менің қарамағымда болады.Ол бала қалай омырау емеді, ол бала қалай өседі, Оның тек аяқ-қолы өсуі емес, баланың ішкі миының, бүкіл жан дүниесінің қызметін бірінші күннен бастап дамытамыз. Өзімнің әріптестерімді шын жүрегіммен құттықтаймын.Төл мерекелеріңіз құтты болсын.Барлықтарыңыздың жанұяларыңызға амандық тілеймін.
Мақаншыдағы Келдімұрат ауылында 1500-ге жуық адам тұрады. Ауылдағы жалғыз емханада оннан аса медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетеді. Емханадағы жалғыз дәрігер — Кенжебек Бұқашин. Ауылдағы ағайын дәрігерлердің еңбегіне дән риза.
Қайчикен Жайықова, Келдімұрат ауылының тұрғыны:
- Дәрігерді үйге шақыртпаймын. Өзім келемін. Жоқ дегенде телефонмен совет сұраймын. Өздері сыйлап келгілері келсе келеді, әйтпесе өзім келемін. Бүкіл халыққа, бүкіл үлкен кішіге бала-шағаға сыйлы да құрметті ұлағатты дәрігер. Кенжебек Мағауияұлының алдына келген адамға қойылған диагнозы қалаға барса сол точкамен анықталып келеді.
Келдімұрат ауылындағы Бұқашиндер әулеті – дәрігерлік қызметтің үздік үлгісі, ұрпақтар сабақтастығы мен адал еңбектің символы. Олардың еңбегі мен өмір жолы жас мамандарға бағыт, елге мақтаныш. Жалпы Абай облысында медицина қызметкерлері күнін биыл 10 мыңға жуық адам қарсы алады. Олардың 2 мыңнан астамы жоғары білікті дәрігерлер. Бұл өңірдің денсаулық сақтау саласының мықты әлеуетін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы