Еуропаның тағы бір елі Қазақстанмен байланысты бекемдеуге бейіл.

Бұл жолы Астанаға Болгария Президенті келді. Румен Радевке ерген делегация ауқымды. Соған қарап, нәтижелі келіссөз бекитіні белгілі болды. Айтқандай, тараптар сан салада келісімге келіп, Транскаспий халықаралық дәлізін бірлесе дамыту жолдарын қарастырып жатыр. Жалпы екі елдің стратегиялық тұрғыдан орналасуы – Азия мен Еуропа арасындағы алтын көпір ролін атқарады.

Бұл Болгария Президенті Румен Радевтің Астанаға алғашқы ресми сапары. Бірақ, мәртебелі мейманға Қасым-Жомарт Тоқаевтың құшағы мен Ақорданың есігі қашанда айқара ашық. Алыс-беріс таныс-білістен басталады демекші алдымен Мемлекеттер басшылары делегация мүшелерімен танысты. Қол алысып, көңіл жайланған соң шағын құрамда шаруа тындыруға көшті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынтымақтастық орнаттық. Энергетика, транспорт және логистика, жасыл энергия, атом өнеркәсібі, ғарыш, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор.

Румен Радев, Болгария президенті:

- Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесіміз санаймыз. Сіздердің осыған дейінгі табыстарыңыз таңғаларлық: экономикаларыңыз қарқынды өсіп келеді, инновация, ғылым, білім, жоғары технология салаларында зор табысқа жеттіңіздер. Кеше мен Ғарыш орталығын аралап көрдім. Сіздердің жетістіктеріңізден жақсы әсер алдым.

Енді кеңейтілген құрамдағы келіссөз. Тараптар тауар айналымын қазіргіден де арттыра алады. Мүмкіндік мол, әлеует жетеді. Биыл 4 төрт айда 83 млн доллардан асты. Ал былтыр тіптен 4 еселеніп, 375 млн долларға жеткен. Олай болса болгар компаниялары және инвесторлармен өзара сауда-экономикалық ынтымақты күшейту үкіметаралық комиссияның шеберлігіне байланысты. Румен Радев те әріптесін қуаттап, табыстың кілті ықпалдастықта екенін жеткізді. Бірақ құр алақан емес, құжат жүзінде қаттап алған дұрыс. Екі жақ 5 келісімге келді. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамытады. Астана мен София қалалары байланысын бекемдеп, Шымкент пен Пловдив арасында бауырластық қатынасты нығайтпақ. Мемлекеттік басқару академиясы мен Болгарияның Сыртқы істер министрлігі Дипломатия институты да меморандумға отырды. Сосын «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» серіктестігі мен Болгарияның сауда-өнеркәсіп палатасы бірлесе әрекет етпек. Мемлекеттер басшылары журналистер алдына да шықты. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның «Бургас» және «Варна» теңіз порттарын қосу мәселесі қарастырылатынын айтты. Мұнымен экономикалық ынтымақ жөніндегі үкіметаралық комиссия айналысады. Президент комиссия аясында көлік-логистика бойынша бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды. Басқа бағыттарда басымдыққа ие.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Болгарияның ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Біз елімізде жұмыс істегісі келетін Болгария компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мен іскер топтардың ықпалдастығын нығайту үшін «Қазақстан – Болгария» іскерлік кеңесін құруды ұсындым.

Жақында елордада София атты көше ашылады. Ал Астана атаулы көше Болгарияда 7 жыл бұрын берілгені белгілі. Жалпы арадағы мәдени-гуманитарлық, білім беру және өңіраралық байланыс деңгейін көтеруге ден қойылғаны айтылды. Сондай-ақ әлемдегі түйткілдерге қатысты тараптардың ұстанымы ұқсас. Осы ретте Президент Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту орталығын ашу бастамасын қолдағаны үшін әріптесіне алғыс айтты. Олар кез келген мәселені мәмілемен шешу керегін жеткізді. Қашан да бейбіт және саяси дипломатияға иек артуға бейіл.

Нысаналы Ығыл