Алматы қаласының Алатау ауданында жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам зардап шекті. Оқиға Райымбек даңғылы бойында орналасқан жанармай құю стансасының маңында болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алдын ала мәлімет бойынша, Lexus маркалы көлікті тізгіндеген жүргізуші орта жолақпен келе жатып, жанармай бекетіне бұрылмақ болған. Осы сәтте оң қапталында қатар келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан. Соқтығысудан кейін Mercedes басқарудан шығып, жанармай құю колонкасына соғылған.

Көлік стансаның тіреуіне тіреліп тоқтаған. Оқиға орнына жанармай бекетінің қызметкерлері дереу өрт сөндіргішпен әрекет етіп, оттың тұтануына жол бермеген. Қазіргі таңда бекет уақытша жұмысын тоқтатты. Материалдық шығын көлемі есептеліп жатыр.

Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.

Оқиға орнына жол-патрульдік полиция қызметкерлері келіп, тергеу амалдарын бастады. Тексеруді Алатау аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.