Үржар ауданында соңғы бес жылда ерекше қажеттіліктері бар бес бала толық жазылып, мүгедектігі алынған, деп хабарлайды 24kz.

Қазір балаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. «Шапағат» орталығында 60-қа жуық бала арнайы әлеуметтік қызмет алып, білім мен тәрбиеге, спорт пен шығармашылыққа бейімделуде.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2011 жылы денсаулығында кінәраты бар балалар үшін ашылған. Содан бері 200-ден астам баланың дертінен айығуына жәрдемдесті. Соның нәтижесінде 5 бала толық емделіп, мүгедектік санатынан шығарылған. Орталықта балаларға әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, медициналық қолдау көрсетіледі. Бұл үшін заманауи қондырғылар орнатылған.

Салтанат Селиханова, Балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы:

- Алдыңғы балаларымыз қазір университетте оқып жатыр. Колледждерде оқып жатыр. Сонымен бірге жұмыс атқарып жатыр. Отбасы құрғандар бар. Ортаға бейімделіп жұмыс істеп, өмір сүріп жатыр. Оның барлығы біздің осы мамандардың жетістігі деп ойлаймын.

Мұндағы тәрбиеленушілердің жетістіктері көңіл қуантады. Олар спорттық және мәдени іс-шараларға қатысып, қоғаммен тығыз байланыста. Мәселен, Ділдә Бақтыбекова Астанада өткен бочча спортынан республикалық чемпионатқа қатысып, жүлдемен қайтқан. Ол «Шапағат» орталығында 4 жасынан бері ем-шара қабылдап жүр.

Ділдә Бақтыбекова, тәрбиеленуші:

- Дайындық жақсы. Бірінші қолды үйретіп, жаттығу жасаймыз. Содан кейін ойынға кірісеміз. Осы орталықта апайларымыз бізге жақсы қарайды. Біз орталықта білім аламыз. Көптеген сабақтар үйретеді. Бізге білім-тәрбие береді. Бізді жақсы жақтарға бағыттайды.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға бейімделген футбол және инклюзивті хореография сияқты үйірмелер жұмыс істеп тұр. Әр топта 10 бала болады. Аптасына бірнеше мәрте жаттығу өтеді.

«Бұл балалардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсартып, әлеуметтік дағдыларын дамытуға септігін тигізеді», — дейді жаттықтырушылар.

Бағлан Ержанұлы, бочча спортынан жаттықтырушы:

- Күнделікті үш сағаттан, төрт сағаттан күнде күнде балаларды дайындауымыз керек, жаттықтыруымыз керек болады. Дәлдікті, ойлануды қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені онсыз бала жетістікке жете алмайды. Соның барлығын біз қамтамасыз етуіміз керек.

Бүгінде балаларға қолайлы жағдай жасау үшін орталықтың жанынан жаңа ғимарат салынып жатыр. Оны талапқа сай салып, ішін жасақтауға қазынадан 469 млн теңге қарастырылады. Құрылыс 2023 жылдың маусымында басталған. Жоспар бойынша биыл жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы