Бүгін Астанада теміржол көліктеріне сервистік қызмет көрсететін депоның іргетасы қаланды.

Бұл Қазақстан ғана емес, Орталық Азия аумағындағы ең ірі қызмет көрсету орталығы болмақ. Ел үкіметі мен Францияның Альстом компаниясы екі жыл бұрын қол қойған инвестициялық келісімінің жемісі осы. Еске сала кетсек, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға сапары кезінде «Alstom» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Анри Пупар-Лафаржбен жүздескен еді. Сол кезде француз тарапы біздің елде электровоздар мен теміржол жабдықтарын шығару және сервистік қызмет көрсету жобаларын іске асыру ниетін білдірген. Ол үшін 50 миллион еуро инвестиция салуға уағдаластық жасалған. Инвестициялық жоба аясында таяуда Шу қаласында сервистік қызмет орталығы ашылады. Сонымен бірге 2026 жылы Алматы мен Арыс қаласында тағы осындай екі орталықты іске қосу жоспары бар. Осылайша ұзын саны 700 жұмыс орыны құрылмақ.

Жером Бойе, ALSTOM компаниясы Батыс және Орталық Азия кластерінің басқарушы директоры:

- Дәл осы жердегі депода 400 жұмыс орыны құрылады. Тағы 300 жұмыс орыны оңтүстік өңірлердегі үш орталықтан ашылады. Мұндағы сервистік орталықта теміржол электровоздарды құрастыру, жөндеу сияқты өзге деполарда жасалмайтын күрделі сервистік қызмет көрсетіледі. Яғни 20 жылдай қолданыста болған электровоздардың күрделі жөндеуі мен жаңғырту жұмысы дәл осы орталықта іске асырылатын болады.