Бибісара Асаубаева – Қазақстанның жаңа гроссмейстері. Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Sharjah Masters-2025 супертурнирінде отандасымыз өзінің үшінші гроссмейстерлік нормасын орындап, алғаш рет 2500 рейтингтік межеден асты.
21 жастағы шахматшы жарыста үздік отыздыққа еніп қана қоймай, әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетті. Ол әйелдер гран-приінің жеңімпазы Чжу Цзиньэр мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухты артта қалдырды. Енді FIDE кеңесінің алдағы отырысында ресми бекітілген соң Бибісара Асаубаева қазақстандық әйелдер арасынан екінші гроссмейстер атанбақ. Ал біріншісі – Жансая Әбдумәлік.