Талдықорғанда қоғамдық ұйым өкілдерінің азаматтық форумы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Алқалы жиынға халық қалаулылары және 17 облыс пен 3 қаладан келген бірлестік жетекшілері, мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Көпшілік мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым арасындағы байланысты нығайту, ынтымақтастықтың инновациялық стратегиясын әзірлеу мақсатында өзара пікір алмасты. Сонымен қатар экология, медицина саласына және мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту, әлеуметтік жобаларға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырды. Басқосу соңында азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосқандар марапатталды.

Айта кетейік, «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» тұжырымдамасы негізіндегі бұл алғашқы форум. Енді мұндай басқосулар еліміздің өзге өңірлерінде де өткізіледі.

Бану Нұрғазиева, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті:

- Республика көлемінде түскен ұсыныстың бәрін жинақтап, жауапты министрліктерге береміз. Солармен бірге осы жоспар Үкіметке барады. Үкімет үлкен жоспарға басшылар қол қойып, барлық мемлекеттік орган бақылауға алып, жұмыс жасайды.