NCOC компаниясының Каспийдің табанын тереңдету жобасы тиімсіз.

Атырау облыстық экология департаменті осылай ашық айтып отыр. Ал экологтар болса «теңіздің түбін тереңдетсе, бекіре тұқымдас балықтың түбіне жетеді», деп дабыл қақты. Өйткені «Қашаған кен орнының нысандарын жайластыру» жобасы 4 жылдан бері жырға айналған. Бір қазып, бір көміп, суды ластап, білгенін істеп келеді. Компания шу мен жарықтың әсері аз дегенімен табиғат жанашырлары ғылыми зерттеулер талап етіп отыр. Қысқасы корпорация қоғамдық тыңдаудан қорытынды шығара ма, жоқ па? Әйтеуір бір нәрсе анық. Экология департаменті балама жобадан басқасын қабылдамайды.

Асқар Жүсіпов, Атырау облыстық экология департаментінің басшысы:

- Себебі алғашқы рұқсат тереңдету жұмыстарына 2021 жылы берілген. Теңіз тереңдету жұмыстары 2022 жылы жүргізілді. Алайда 2023 жылы сол жүргізілген жұмыстарды қайта бір жылдан аса уақытта тереңдетілген жерлері қайта көміліп, шығарылған топырақтары қайта өз орындарына салынып жатыр. Сол себепті бұл жобаны тиімді жоба деп айта алмаймыз. Біздің негізгі талап осы тереңдету жұмыстарынан басқа балама қарастыру. Ол жаңағы жол салу бола ма, көпір бола ма?