Бүгін Астанада Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) XIV пленарлық отырысы өтті. Бұл жиын «TURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» тақырыбында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Төрайымы Сахиба Гафарова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Тұрғунбек уулу, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Нуман Куртулмуш, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасының Спикері Нуриддин Исмоилов, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы Парламентінің Төрағасы Зия Өзтүрклер, депутаттар, түркі ынтымақтастығы ұйымдарының және басқа да халықаралық бірлестіктердің басшылары қатысты.

Жиын Әзербайжанның ТүркПА-дағы төрағалығының қорытындысын шығарудан басталып, Әзербайжан Милли Мәжілісінің Төрайымы Сахиба Гафарова түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, төрағалықты Қазақстанға табыстады.

TURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі

Кеңесте ұйымға мүше парламенттер хатшылықтың өткен жылғы қызметі туралы есебін қарап, алдағы кезеңге жоспарларын айқындады.

Одан әрі талқылау ТүркПА-ның жалпы отырысында жалғасты. Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түркі мемлекеттерін бүгінде терең тарихи тамыры ғана емес, сонымен қатар мемлекет басшылары арасындағы берік достық, ортақ мүдделер мен мығым мәдени байланыс біріктіріп отырғанын атап өтті.

«Қазір түркі жұртының көші ілгері. Өзара татулық пен түсіністіктің арқасында елдеріміз өркендеп келеді. Бұл – ең әуелі біздің мемлекеттеріміздің басшылары жүргізіп отырған байыпты саясаттың нәтижесі. Президенттеріміз түркі интеграциясы бағытында орасан жұмыс атқарып жатыр. Әлемдегі геосаяси ахуал мың құбылып тұрғанына қарамастан, түркі елдері өсу мен өрлеудің құбыласынан, дамудың даңғыл жолынан жаңылған жоқ», деді Палата спикері.

Отырыс «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» тақырыбына арналды. Ерлан Қошанов қазіргі аумалы-төкпелі заманда парламенттік диалог пен дипломатияға зор жауапкершілік жүктеліп отырғанына баса мән берді.

«Жаңа ғасырда парламенттік дипломатияның халықаралық қатынастардағы мәні арта түсті. Түркі дүниесінде де парламенттік дипломатия интеграцияның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ТҮРКПА-ның рөлі ерекше. Ұйымымыз заңнамаларды үйлестіретін институционалдық алаң ретінде толық қалыптасты. Осы орайда парламенттер арасындағы ықпалдастық сенім мен тұрақтылықтың берік тірегі деуге болады», деді Е.Қошанов.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері ТүркПА-ның қызметіне жеке тоқталып, парламенттік дипломатия арқылы халықаралық парламенттік ұйымдармен өзара ықпалдастықты күшейту, түркі елдерінің мүддесін алға тартып, басқа да форумдарда өкілдік ету, баршаға ортақ түркі мәдени мұрасын, дәстүрлер мен тілдерді сақтауға бағытталған бастамаларды ілгерілету және тәжірибе алмасу, тың идеяларды ортаға салу мақсатымен бірлескен парламенттік форумдар өткізу мәселесіне де назар аударды.

Сонымен бірге Ерлан Қошанов түркі парламенттерінің мақсат-міндеттері бұдан да ауқымды екенін айтты.

«Біздің парламенттеріміз де елдеріміздің ынтымағын тереңдетуге күш салып отыр. Аманат арқалаған депутат ретінде халықтарымыздың ниеті мен арман-мұратын жақсы білеміз. Әрине, ең әуелгі мақсатымыз – көшбасшыларымызға тірек бола отырып, тағдыршешті шешімдерді заңнамалық тұрғыда қолдау. Дегенмен Парламент заң қабылдайтын институт қана емес. Ол – ұлттарымызды ұйыстыратын, елдерімізді жақындастыратын, заңнамаларымызды үндестіретін алтын көпір. Біздің басты әрі тарихи миссиямыз осы деп ойлаймын», деді Палата спикері.

Отырыста Түркі мемлекеттері парламенттерінің төрағалары мен байқаушылары және түркі ынтымақтастығы ұйымдарының жетекшілері сөз сөйледі.

Сондай-ақ күн тәртібіне Қазақстан төрағалық ететін кезеңде бірқатар ұйымдастырушылық мәселе енгізілді. Ассамблеяның Бас хатшысы болып Әзербайжан Парламентінің депутаты Рамиль Хасан сайланды.

Сонымен қатар Ассамблеяда Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар, Білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер, Экономикалық ынтымақтастық туралы және Қоршаған орта, табиғи ресурстар және денсаулық сақтау жөніндегі комиссиялардың есебі мен ұсынымдары қабылданды.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттерде тұруға рұқсат беруді жеңілдету туралы», «Мұғалімнің мәртебесі туралы», «Экономикалық қызметтегі таза энергия туралы», «Халыққа экологиялық білім беру және ағарту туралы» модельдік заң жобаларын қабылдады. Сондай-ақ пленарлық отырыс аясында парламентші әйелдер мен жас парламентшілер тобының жиындары өтті.

Жалпы отырыста ТүркПа-ның келесі XV басқосуын Қырғыз Республикасында өткізу туралы шешім шығарылып, Астана декларациясы қабылданды.

Соңында ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттердің парламенттік делегацияларының басшылары мен ТҮРКПА-ның Бас хатшысы баспасөз брифингін өткізді.