Шаһардағы коммуналдық мекемелер ірі тұрмыстық қалдықтарды шығарудан үзілді-кесілді бас тартып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Сондықтан үйлердің маңы ескі-құсқы жиһаз бен тозған техникаға толып кеткен.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Ескі жиһаз, істен шыққан тұрмыстық техника мен оның қораптары. Петропавлдағы көпқабатты үйлердің ауласы қазір осындай кейіпке енген. Қоқыс шығарумен айналысатын компаниялар жәшік жанындағы ірі қалдықтарды тастап кетеді. Ол үшін бөлек техника жалдау керек.
Ирина Яуфман, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Қазір жүк көлігін жалдау 22 мың теңге тұрады. Одан бөлек тракторға төлеу керек. Қоқыс алаңының ақысы тағы бар. Бұл біз үшін өте қымбат. Сондықтан жәшіктердің қасындағы ірі тұрмыстық қалдықтарды қоқыс шығарумен айналысатын компаниялар алып кетсін.
Петропавлда соңғы рет қоқыс шығару тарифі 2023 жылы өзгеріп, 220-дан 480 теңгеге бекітілді. «Бірақ қызмет көрсету сапасы сол күйі көтерілген жоқ», — дейді мүлік иелері бірлестігінің төрағалары. Олардың айтуынша, ірі тұрмыстық қалдықтар қаланың басты санитарлық мәселесіне айналып барады.
Вячеслав Самойлов, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Ірі тұрмыстық қалдықтардың шығарылмауына мүлік иелері бірлестігінің төрағалары ғана кінәлі сияқты. Полция қызметкерлері бізді әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салады. Бірақ онымен мәселе шешілмейді. Бұл жұмысты бір жолға қою керек.
Бірақ олардың бұл уәжімен қалалық әкімдік қызметкерлері келіспейді. Петропавлда ірі тұрмыстық қалдықтарын шығару шығыны тарифке енгізілмеген. «Сондықтан әр адам өзінің затын өзі шығаруға міндетті», — деп санайды олар.
Әсем Айтолова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
- Қала бойынша орналасқан қоқыс жәшіктері тек қана тұрмыстық қоқыстарды шығару үшін арналған. Одан бөлек, жаңағы құрылыс материалдары, жаңағы түрлі техника оны тұрғындар өздері шығару қажет. Яғни, жаңағы қоқыс шығаратын компаниямен келісіп, техника жалдап өздері шығару керек. Бұл тұрғындардың ОСИ, КСК-ның міндетіне жатады.
Жалпы қала бойынша қоқыс шығарумен 5 компания айналысады. Олардың меншігінеде 20-дан аса арнайы техника бар.
Авторы: Айдарбек Айтмұхамбетұлы