Алматының "Шапағат" шағын ауданында жарылыс болды. Алдын ала себеп – газ-ауа қоспасының тұтануы, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Telegram-дағы Almaty Today арнасы жеке сектордағы үйлердің бірінде жарылыс болған сәт түсірілген видеоны жариялады. Автор бұл оқиғаның Алматыдағы "Шапағат" ықшам ауданында болғанын жазған.

NUR.KZ тілшісі Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрады.

"2 маусым күні сағат 13:55-те Алатау ауданы "Шапағат" ықшам ауданы Биянху көшесі мекенжайындағы тұрғын үйді бөлшектеу кезінде 1949 жылы туған азаматтың денесі табылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, газ-ауа қоспасының тұтануы салдарынан 1980 жылы салынған саман үй опырылып, әрі қарай жанбай қалғаны анықталды", — деп хабарлады ТЖД өкілдері.

Оқиға орнында жедел штаб құрылғаны хабарланды. Оған жергілікті атқарушы органның, Төтенше жағдайлар департаментінің, кинологиялық қызметтер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, Алматы қаласының 109-құтқару қызметі, Апаттар медицинасы орталығының, сондай-ақ қалалық өзара іс-қимыл қызметінің күштері мен құралдары жұмылдырылған.

"Жедел-тергеу тобы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр", — деді департаменттегілер.

Атырау облысы Құлсары қаласындағы жанармай құю бекетінде жарылыс болып, жақын орналасқан үйлер өртке оранды. ТЖД 14 адамның зардап шеккені және екі адамның көз жұмғаны туралы хабарлады.

Артынша Атырау облыстық әкімдігінің сайтында өңір басшысы Серік Шәпкенов жанар-жағар май құю бекетіндегі өрт пен жарылысқа қатысты жедел штабтың шұғыл отырысын өткізгені жарияланды.

Одан бөлек облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен 14 адамның жағдайы туралы деректер ұсынды.