«Бақты» кеден бекеті жаңартылып жатыр.

Абай облысындағы бұл өткізу пунктінің Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы сауда-саттықтың ұлғаюына әсері зор.

Нысандағы құрылыс жұмыстары мемлекеттік бағдарлама аясында осыдан екі жарым жыл бұрын басталған. Бекет әзірге жартылай істеп тұр. Қазір тәулігіне 150-ге жуық көлік өтеді. Алда жаңғырту аясында күндіз-түні істейтін режим енгізілсе, кептеліс азаяды, дейді жауаптылар.

Қазір «Бақты» кеден бекетінде кезек күтіп, кептелісте тұрған көлік қаптап тұр. Ал қыстыгүні бұдан да көп болады, дейді жүргізушілер. Еламан Асырандинов осы бекет арқылы ай сайын Қытайға барады. Жүк тасиды. Оны жолдың тарлығы мен көлік қозғалысының тығыздығы алаңдатады.

Еламан Асырандинов, жүргізуші:

- Уақытында келеміз, уақытында өтеміз. Машинаның көптігінен кейде очередь ала алмаймыз. Сол ғана кішкене қиын болып тұр.

Жоба бойынша бекетте заманауи жолаушылар терминалы салынады. Көлік өткізетін жолақ саны екіден алтыға дейін ұлғаяды. Барлық кедендік қызметтер автоматтандырылып, бақылау мен рәсімдеу жүйесі біріктіріледі. Бұл мақсатқа 16 миллиардқа жуық теңге бөлінген.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- «Бақты» кеден бекетінде қазір құрылыс қарқыны жоғары екен. Жаңарту жұмыстарының 80% аяқталыпты. Құрылыс нысанында 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар 10-нан аса техниканың көмегімен көзделген жоспарды дер кезінде аяқтауға атсалысып жатыр.

Ержан Төлеубаев, «Бақты» халықаралық кеден бекетінің басшысы:

- Құрылыс жұмыстары біткеннен кейін біз 500-600 автокөлікке дейін қабылдай аламыз. Өткізу қабілеті көтеріледі, ұлғаяды. Біздің кеденшілерге, сыртқы экономикалық қатысушыларға өте қолайлы жағдай болады. Электронды слотты сол уақытта 500 автокөлікке дейін көтереміз.

Жаңа нысанда адамдар мен олардың жүктеріне арналған жеке кіріп шығу жолақтары қарастырылады. Әрбір желіде «жасыл» мен «қызыл» дәліздер жүйесі болады. Мердігер ұйым өкілдерінің сөзінше, барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Эрнст Энграф, мердігер ұйым өкілі:

- Қазір құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Ғимараттағы ішкі әрлеу жұмыстарына кірістік. Одан кейін жол төсемі және монтаждау жұмыстары қалады.

Жоба толық жүзеге асқан жағдайда «Бақты» бекетінің өткізу қабілеті шамамен бес есе артады. Тауарлар мен көлік құралдарының мемлекеттік шекарада кедендік бақылауда болу уақыты едәуір қысқарып, тиісінше жұмсалатын шығындар айтарлықтай төмендейді.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы