Күні-түні бір тынбай, 24 сағат үздіксіз хабар тарататын жалғыз арна.
24KZ телеарнасының отандық медиакеңістікте алар орны ерек. Біз таратқан талай тікелей эфир тарихтың бөлшегіне айналып үлгерді. Бүгін 24KZ құрылғанына 13 жыл толды.
24KZ арнасының тілшілері әлемнің 14 елінде жұмыс істейді. Сондай-ақ еліміздің барлық аймағында тілшілер қосыны бар. Елордадағы бас кеңседе 200-ден астам маман шоғырланған. Барлығының атқарар қызметі бір — жедел әрі ең өзекті ақпаратты көрерменге қаз қалпында жеткізу. Былтыр арна 9 мыңға жуық жаңалықтар шығарылымын, тілшілер әзірлеген 35 мыңнан астам сюжет көрсетті.
Мәншүк Мақсұтқызы, 24KZ телеарнасының шеф-редакторы:
- Бұндай масштаб біздің елде ешбір арнада жоқ. Жалпы нарықта бізбен бәсекелесетін арна жоқ деп есептейміз. Біздің интернет көрерменеріміздің де саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырып көретін болсақ, 156 млн-нан асып жығылады. Бізде шет елдерде де көретінін біз статистика арқылы көріп отырмыз.
Күн сайын жүргізуші таңмен таласа тұрып, тікелей эфир тізгінін алады. Дәл осы қарқынмен 13 жылда 24KZ миллиондаған көрермен жинады. Еш боямасыз, тек ресми ақпарат. Саясат, экономикадан бастап әлеуметтік саладағы маңызды оқиғалар арна назарынан тыс қалған емес.
Артём Петров, 24KZ телеарнасының бас редакторы:
- Ақпаратты эфирге бермес бұрын факт-чекинг жасау, яғни оның растығына көз жеткізу біз үшін маңызды. Кейде таңғы 6 дан бастап бас ресурсымызды жұмылдырып, ширақ қимылдауымзға тура келеді. Продюсерлер тіпті спикерлерге хабарласып, ұйқысынан оятып жатады. Себебі тек сол тұлғалар оқиғаға қатысты нақты жауап бере алады. Айтарым, жаңалықтар қызметі — бұл командалық жұмыс.
Әрине әр сюжеттің артында бір қауым маманның еңбегі бар. Бас редактордың нұсқауымен тілші мәтін жазса, оператор кадрды таспалайды. Түсірілім жасауға продюсер, үйлестіруші, диспетчерге дейін үлес қосады. Соңында монтаж маманының көмегімен жұп-жұмыр сюжет дайын болады. 24KZ арнасы алда да өз көрерменін тың жобалармен қуантады. Жаңа телемаусым 2-қыркүйекте эфирге жол тартады.
Мәншүк Мақсұтқызы, 24KZ телеарнасының шеф-редакторы:
- Біздің көрермендеріміз жаңа форматпен таныс болады. Арнамызда NEWS TALK бағдарламасының тұсаукесерін өткіземіз. Таңнан бастап ең маңызды деген бірнеше тақырыпты көрермен назарына ұсынамыз және сол тақырыпты жан-жақты ашу мақсатында студиямызға түрлі сарапшыларды шақырып, оқиға орнынан тікелей қосылымдар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Тікелей қосылым төл арнаның басты артықшылығы. Себебі кез келген уақытта әлемнің әр нүктесінен лайв режимінде хабар таратуға техникалық мүмкіндік жасалған. Жаңа жаусымда дәл осы формат кеңінен қолданылады. Бұдан өзге жаңалықтар дайджесті, PRIME TIME ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы дүйсенбіден жұмаға дейін көрермен назарына ұсынылады.
Рухани Әбдірахман, Нұрсая Эльбрусова, Жандос Битабаров, Самат Қазанбаев