Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауылында Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған байқауға жасы 40-тан асқан әйел адамдар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қайыржан Хасанов атындағы Алаш және тарихи-өлкетану музейінде өткен іс-шара қазақтың төл аспабы – домбыраны ұлықтаған тағылымды кездесу болды. Байқауды Қаратөбе аудандық мәдениет үйі, «Ізгілік» қоғамдық бірлестігі, «Әйелдер» қоғамдық бірлестігі және Қаратөбе жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
– Домбыра халқымыздың жаны, рухы, шежіресі. Оның үні арқылы елдің тарихы, жүрегі, арманы сөйлейді. Бүгінгі байқау тек өнер жарысы емес, бұл – ұлттың өткені мен бүгіні арасындағы рухани көпір. Біздің міндет осындай шаралар арқылы жастардың бойында ұлттық өнерге деген құрметті, сүйіспеншілікті қалыптастыру. Қазақтың қанына сіңген күй мен әуен тек естелік емес, ол өміршең өнеге. Алаш музейінің бұл бастамасы құптарлық әрі қолдауға лайық іс, — деді іс-шараның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.
Байқауға қатысқан өнерпаздар бұған дейін үлкен сахнада өнер көрсетпесе де ауыл-аймақ арасында танылып жүрген әншілер екен. Олар орындаған халық әндері көрерменнің жүрегіне жол тауып, шынайы ықыласқа бөленді.
Өнер сайысының нәтижесінде бірінші жүлде егіндікөлдік Қамажай Избановаға бұйырды. Екінші орынға – аққозылық Ақжан Айтқали ие болса, үшінші орынды үшағаштық Мәруаш Елешова алып кетті. Қаратөбелік Гүләра Қайыржанқызы «Көрермен көзайымы» атанды. Барлық жүлдегер ақшалай сыйлыққа ие болды.
Батыс Қазақстан облысы