Соңғы күндері Иранда жүрген 109 қазақстандық елге қайтарылды.
17 маусымда Ашхабадқа арнайы жіберілген әуе борты 89 отандасымызды Астанаға аман-есен жеткізді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, Иран мен Түрікменстандағы Елшіліктердің тікелей атсалысуымен елге жеткен азаматтарды арнамыздың түсірілім тобы да күтіп алды.
Маусымның 17-сі, сағат 11:35. Ашхабадтан ұшып келген арнайы борт Астанаға қонды. Қазақстан үкіметінің тапсырмасымен Түрікменстанға жіберілген ұшақта Ираннан шығарылған 89 қазақстандық бар. Кейбірі ұшақтан түспей жатып, аман-есен оралғаны үшін қуанышын жасыра алмады.
Елге қайтарылған отандастарымыздың арасында кәсіпкер Ербол Бұхарбаев бар. Ол маусым айының басында инвестициялық формуға қатысу үшін іс-сапармен арнайы Иранға барған еді. Алдымен, Маку одан кейін Урмие қаласында болған кәсіпкер 13 маусым күні шабуыл басталғанда Тегеранда жүргенін айтады.
Ербол Бұхарбаев, кәсіпкер:
- Түн бе, әлде таңғы 4-5 терде ме шабуыл басталып, таңға дейін ұласты. Ұйықтау мүмкін болмады. Таңертең тоқтаған сияқты болды, бірақ келесі түні қайта шабуыл үдей түсті. Есік-терезені жауып жатқанымызға қарамастан бәрі қатты естілді. Жағдайдың ушығып бара жатқаны Тегеран көшелеріндегі адамдардың жүзінен сезілді. Мен елшіліктің нөмірін тауып алып, хабарласып едім Ашхабад арқылы ұшу мүмкіндігі барын айтты. Олар таңғы төртте елшілікке жетуімді сұрады.
Ұшақ бортына Ирандағы дипломатиялық миссия өкілдерінің отбасылары, халықаралық ұйым қызметкерлері және туыстарына қыдырып барған қандастар отырғызылған. Дені Тегерандағы елшілікте жиылса, қалғандары өңірлерден жолай қосылғандар. Мәрия Павиз Гүлістан провинциясы Горган қаласындағы консулдыққа барғанын айтады. Сол жерде елшіліктің Қазақстан азаматтарын жинап жатқанын естіп, бірден елге қайтуға шешім қабылдайды.
Мәрия Павиз, Алматы тұрғыны:
- Мен осы жағдайда әке-шешеменен қошаса алмадым. Тек заттарымды таксиге салып жіберді. Жаңағы консульствоға, елшілікке, сол жерге жаңағы газельге отырып Баджгиран деген Түрікменстанның шекарасына алып барды. Таңда, төрт па, бес па, шекараға жеттік. Содан жігіттер алдымыздан шықты. Бар жағдайды жасап қойыпты екен. Тез-тез деп бізді өткізді визаны да басты бәрін, істелді барлық жұмыстар. Тез бізді Ашхабадқа апарды, аэропортқа. Самолёт күтіп тұр екен айтқанындай.
Жолға шыққан азаматтар Қазақстанның дипломатиялық миссия өкілдері үздіксіз байланыста болғанын айтады. Осылайша Түрікменстан шекарасына дейін 10 шақты сағат жүріп барған отандастарымыз, Ашхабадқа жете салысымен күтіп тұрған бортқа отырғызылды. Ізінше екі жарым сағатта Астана әуежайына жеткізілді.
Мәриям Қазақ, Ақтау тұрғыны:
- Елшілігімізге жол бойы рахмет айтып келдік. Президентімізге рахмет айтып келді. Барлығымыз қуандық. Өстіп біздерді құрметтеп, сыйлап алып келе жатқан, осындай жағдай жасағанына мың алғыс.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, отандастарымызды эвакуациялау жалғасып жатыр. Жалпы Ираннан ұзын саны 109 қазақстандық қайтарылған. 89-ы Түрікменстан арқылы жетсе, тағы 20 азамат Әзербайжан арқылы елге оралды. Қазақстанның елшіліктері мен Сыртқы істер министрлігіне хабарласқан 200-ден астам адамға консулдық-құқықтық көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда еліміздің Сыртқы істер министрлігі құзырлы органдармен бірлесіп, Израильдегі қазақстандықтарды қайтару бойынша жұмыс атқарып жатыр.
Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров