Шерзат Полаттың ісіне қатысты сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты судья Ержан Жанұзақовқа сенімсіздік танытып, істі жүргізуіне қарсылық білдірді. Жұмат Әбенов өз қорғауындағы Шынасылға қатысты фототехникалық сараптаманы құптамай, сот залына сарапшы мен тергеушінің келуін сұрады. Алайда, сот төрағасы адвокаттың өтінішін негізсіз деп таныды. Төрағаның шешіміне наразы болған қорғаушы судьяны ауыстыруды талап етті. Осыдан кейін сот отырысы түстен кейін үш сағатқа кеш басталды. Судьяға қатысты адвокаттың өтінішін «Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының» төрағасы Асқарбек Бейімбетов негізсіз деп таныды.

Асқарбек Бейімбетов, Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Өтінішті негізсіз деп танимын.

Сотталушылардың көліктегі аудиожазбасы тыңдалды

Процесті Ержан Жанұзақов өзі жалғастырды. Сотта жәбірленуші тараптың қорғаушылары сотталушылардың көлігіндегі бейнежазбаның аудиосын жариялады. Олар оқиғадан кейін өз ара тілдескен. Аудиода Сотталушы Нұрқияс Ілиясов марқұм Шерзаттың анасының қолынан ұстап жібермей қойғанын айтқан. Сондай ақ ұрып жібердім деген. Алайда ол сот залында айтқандарын жоққа шығарды. Процесс ертең қайта жалғасады.

Дамир Нұрмұхамет