«Әулиеата кітап оқитын өңір» жобасы аясында Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасының ұйытқы болуымен «Жүрекпен жазылған шығарма» атты алғашқы инклюзивті театр байқауы ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында көзі нашар кө­ретін оқырмандар қазақ әдебиетінің мұзарт шыңдарына айналған Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Әбіш Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы» және басқа да қаламгерлердің шы­ғар­­маларынан ықшамдалып алынған сахналық қойылым қойды.

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасына шық­қан кітапхана оқырмандарының бо­йынан өнерге деген адалдық байқа­лып тұрды. Олар өздеріне берілген рөл­дерді барынша жақсы игеруге тырыс­ты. Кәсіби режиссёрлермен жұмыс істеу­дің мәнін ұққан оқырмандарға көрер­мен қауым разы болды.

«Болашақ» мектеп интернаты­ның түлектері, «Асыл арман» шығар­ма­шылық орталығының өкілдері, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін облыстық орта­лықтың «Драма» студиясы және өзге ұжымдар қолдау көрсеткен байқау­да қатысушылар «Үздік актёрлік шебер­лік», «Үздік қойылым», «Үздік екінші пландағы рөл», «Көрермен көзайымы» аталымдары бойынша марапатталды.

«Еліміз бойынша көзі әлсіз кө­ре­тін азаматтар арасында тұң­ғыш рет өткізілген байқауда көркем әде­биет­ті насихаттауға ден қойдық. Оқыр­мандарымыз қазақ әдебиеті алып­тарының көркем туындыларын сахнаға алып шықты. Әрине, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақыт­та жалғасады. Ең бастысы, кітап­хана оқырмандарының театр өнері­н­е деген құрметі бөлек», дейді ұйымдас­тырушылардың бірі Гүлзада Қырықбаева.

Тараз