Әлемнің ірі мегаполистерінде көшедегі көлік қозғалысы, жалпы кептеліс мәселесі қалай реттелген?
***
Бейжіңде көліктер кезекпен жүреді
Қытай астанасының орталық көшелерінде көліктер кезекпен жүреді. Жұп және тақ нөмірлі автокөліктердің қозғалысы осы тәртіппен реттеледі. Бейжің жолдардағы кептелістерді азайтуға арналған арнайы бағдарлама қабылдаған. Сонымен қатар қаланың басты көшелерінде көлікпен жүру үшін кептеліс салығын енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Қолайсыз ауа райында, ресми іс-шаралар мен ірі мерекелер кезінде таңертеңгі және кешкі уақытта кезекпен жүру тәртібі де ұсынылды.
Женевада көлік қозғалысына шектеу қойылды
Швейцария билігі де ауа сапасына алаңдаулы. 13 тамыздан бастап Женева әкімшілігі аптап ыстық пен ауадағы қауіпті озон деңгейінің көтерілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізді. Қалада Stick’Air экологиялық жапсырмалар жүйесі іске қосылды. Түрлі-түсті жапсырмалар автокөліктен ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың деңгейін көрсетеді. Улы газды ауаға ең көп бөлетіндерге қалаға кіруге тыйым салынды. Ереже Женева мен оған іргелес елді мекендерді қамтиды. Тәртіп бұзғандарға 500 франк айыппұл салынады. Сонымен қатар айналма жолда жылдамдық сағатына 80 шақырымға дейін төмендетілді. Жолаушылар үшін қоғамдық көлік тегін. Шектеулер ауа сапасы жақсарғанша сақталады.
***
Нью-Йоркте Манхэттенге көлікпен кіру ақылы
Нью-Йоркте қаланың орталық көшелеріне кіру ақылы. Манхэттенге жеңіл көлікпен кіру тәулігіне 9 доллар тұрады. Бастапқыда 15 доллар төлем қарастырылған еді, алайда наразылықтардан кейін бұл сома азайтылды. Жүк көліктері мен автобустар үшін күндік ақы 21 доллар. Жиналған қаржы мегаполистегі қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалмақ.
***
Үндістан билігі дизель көліктеріне тыйым салды
Үндістан билігі өз кезегінде көлік бақылауын күшейтуді ұйғарды. Нью-Делиде дизельмен жүретін жүк көліктерінің кіруіне тыйым салынды. Одан бөлек, қаладағы жолдарға шаң баспайтын арнайы қоспа себіледі. Нью-Делидегі зиянды қалдықтардың концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормадан 130 есе асып кеткен. Жергілікті билік улы газдарды азайтып, ауаның тазалығын сақтау үшін жан-жақты кірісіп жатыр.
Авторы: Әйгерім Асылхан