"Қазгидромет" РМК 26 мамырға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер елдің көп бөлігінде үсік жүретінін ескертті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Республикамыздың басым бөлігінде жылжыған атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен тұрақсыз ауа райы сипаты сақталады, негізінен, найзағай ойнап, жаңбыр жауады деп күтіледі.

"Еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады деп болжанады. Орталықта, шығыста және оңтүстік-шығыста бұршақ түсуі ықтимал", – деп ескертеді "Қазгидромет" РМК.

Тек еліміздің батысында, солтүстік-батысында және оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республикамыз бойынша ортақ табиғи құбылысқа желдің күшеюі жатады. Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында шаңды дауыл тұрып, түнде және таңертең тұман болады деп болжанады.

Түнде Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай өңірінде, Ақтөбе облысының солтүстігінде, шығысында, Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Павлодар, Қарағанды облыстарының батысында, солтүстігінде және Ұлытау облысының солтүстігінде сынап бағаны 1-6 градус суықты көрсетіп, үсік жүреді деп күтіледі.