Қарағанды облысында таңдауы жұмысшы мамандықтарына түскен талапкерлер саны көбейген.
Өңірдегі 52 колледж биыл 9300 баланы оқуға қабылдайды. Бүгінгі таңда соның 70 пайызы мамандығын таңдады. Қабылдау комиссиясының жұмысы, әлі екі апта жалғасады. Мысалы Қарағанды техника-құрылыс колледжіне 390 талапкер түскен. Бұл былтырғыдан 50 балаға көп. 1 мың студенті бар оқу орны үшін, бұл өте жақсы көрсеткіш. Мұнда 15 түрлі мамандық бойынша білім беріледі. Биыл қарапайым құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, сантехник сынды салалардан бөлек 3D модельдеуші, дизайнер, флорист сынды заманауи мамандықтарға да қызығушылық артқан. Одан бөлек колледжде, ерекше білім беруді қажет ететін жандарға да оқу мүмкіндігі қарастырылған. Колледж түлектеріне жұмыс берушілер тарапынан сұраныс жоғары.
Әсел Сапарова, Қарағанды техника-құрылыс колледжінің директоры:
- Президентіміздің жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы бізге серпіліс берді. Қоғамда жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеріп тастады. Осы жыл аясында өте үлкен іс-шаралар ұйымдастырылды. Жұмысшы мамандыққа деген ата-аналар мен балалардың көз қарасын өзгертіп жатыр деп кәміл сенеміз.