Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта «Спорт күні» кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды 24kz.
Онда өңірдегі үздік спортшылардың дүбірлі дода-лардағы жетістіктері дәріптелді. Спорт саңлақтары мен сала ардагерлерін марапаттау жиынына Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, дзюдо және самбо күресінен әлем кубогының иегері Айсара Керімбековалар да қатысты.
Спорт күні кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың тарихи жеңісіне арналған театрландырылған қойылыммен басталады. Оны Іле ауданындағы Ақши халық театрының өнерпаздары қойды. Одақтық және халықаралық жарыстарда ел қоржынына жүлде салып, кейін спортты, жалпы туған елді өркендетуге зор үлес қосқан балуанның өмір жолы жастарға үлкен үлгі-өнеге.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
- Құрметті спорт ардагерлері, бапкерлер мен спортшылар, жанкүйерлер, баршаңызды кәсіби мереке спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін спорт тек қана дене шынықтыру емес, ол елдің рухын көтеретін, ұлт намысын асқақтататын ұлы күш. Әрбір спорттық жеңіс – қазақтың биік мәртебесі.
Демеу Жадыраев, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Біздің облысымызда спортшыларға жетерліктей жағдай жасалып жатыр. Осындай шара ұйымдастырып жатқанына өз басым қуаныштымын, жалғасын таба берсін!
Өңірдегі үздік спортшыларды марапаттауға арналған салтанатты жиынға Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының бас бапкері Хавьер Гонсалес қатысып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Оның Орталық Азия елдері бойынша жұмыс істеп жатқан жалғыз академия екенін де айта кетейік.
Хавьер Гонсалес, Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының бас бапкері:
- Спортшылардың кәсіби мерекесіне шақырғандарыңызға қуаныштымын. Баршаңызды осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын. Біз алдағы уақытта Алматы облысында футболды дамытуға барынша күш саламыз. Мұнда талантты жастар өте көп.
Алматы облысы бойынша жоғары жетістікке қол жеткізген 223 спортшыға 51 мыңнан 570 мың теңгеге дейін ай сайынғы арнайы қолдау төлемдері тағайындалған. «Алатау» спорт клубының мүшелеріне де осындай көлемде қосымша сыйақы беріледі.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов