Жаз мезгілі жетсе, диқандар даурығып жатады. Өткен жылы өңірде қант қызылшасына қатысты мәселе өршісе, биыл диқандар алқапқа еккен қарбызын сата алмай шырылдады. Шүмектеп төккен тері өтелмеген соң шаруалар қынжылмағанда кім күйінеді? Еткен еңбек еш кеткеніне өкінген олар қамығып отыр.

Шыны керек, Талас ауда­ны, Бостандық ауылының бақша өнімі өңір үшін кәдім­гідей брендке айнал­ға­­ны белгілі. Дәмі тіл үйіретін Бостандықтың қарбызына қызықпайтындар кемде-кем еді. Алайда осы жыл­дың көктемінде еккен шырынды жеміс шаруаларды шығынға ұшырататын түрі бар. Өйткені жұдырық­тай жұмылып іс қылған диқан­дардың өнімі шілде ортасында өтуі қиындай түскен.

«Көктем мезгілінде іске бар ынта-шынтаңмен кірісесің. Алайда еккен қарбызың өт­пей жатса, еңбегің еш кетпей қайтеді? Бостан­дық пен Та­лапты ауылында 1-2 гектардан қарбыз егетін отба­сы баршылық. Жауапты мамандар бізге назар аударса жөн болар еді», дейді Бостан­дық ауылы­ның тұрғыны Қамбарбек Тұрсынбеков.

Маңдай терін сығымдаған шаруалар 2 мың тоннаға жуық өнім алғанымен, оның аз ғана бөлігін сатып үлгерген. Қ.Тұрсынбековтің айтуынша, бұған дейін өнімді өзге елдерге де саудалапты. Ал қазір шетелге шығаратын мүмкін­дік жоқтың қасы. Диқандар­дың жанайқайын естіген жауапты басқармадағылар олардың сауда желілерімен келісім жасасып, тауарды қай кезде де сата алатынын алға тартып отыр.

«Кәсіпкерлер өнімін тікелей жеткізсе, сауда желілерімен шарт жасасып, бағасын белгілеп сата алады. Олар осы бағытта жұмыс істеуге дайын. Базардан ешкімнің қуып шықпасы анық. Өз көліктерімен келіп, өздері қойған бағамен сауда жасауға болады», дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Орынтаев.

Бір анығы, шаруалар осы жылғы өнімді өткізуді өздері қолға алғаны абзал болып тұр. Алайда алқапта жайқал­ған қарбыздың едәуір бөлігі жеу­ге жарамсыз болып қал­ғаны белгілі. Әйтсе де, жа­уапты басқармадағылар келер жылы шаруаларды келісім­шарт­қа отыруға үгіттеп отыр. Олар алдын ала өтініш берсе, әлеуметтік базарлардан тегін орын қарастырылмақ.

Жамбыл облысы,

Талас ауданы