Сенаторлардың өңірлердегі сапары жалғасып жатыр. Сенат депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Риддер қаласына барды. Ал Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қаласында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту барысымен, ал Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы теміржол саласын дамыту мәселелерімен танысты.

Іссапар барысында олар еңбек ұжымдарымен кезде­сіп, құрылыс кезеңіндегі инфра­құрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Риддер орман шаруашы­лы­ғында сенаторлар жұмысшы­лармен жаңадан күшіне енген «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның негізгі ережелерін, сондай-ақ орман қоры жерлерін басқару мәселелерін талқылады. Сала қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.

Кездесу кезінде экология­лық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкер­шілікпен қарау мәселелері көтерілді. Сенаторлар қоғам­дық орындардағы тазалық пен тәртіп тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, ең алдымен, әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.

«Тазалық – тек техника мен бақылау мәселесі ғана емес, қоғамның мәдениеті, тәрбиесі мен санасының көрінісі. Бүгінде табиғатқа ұқыпты көзқарасты кішкентай кезден бастап қалыптастыру аса маңызды. Бізге тек ережелер ғана емес, ішкі жауапкершілік те қажет. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы – бұл жай ғана ұран емес, бұл – елдіктің белгісі», деді Ольга Булавкина.

Сенаторлар сондай-ақ «Montana» спорт клубына ба­рып, жастар арасында са­ла­матты өмір салтын қалып­­тастыру мен спортпен айна­лысуға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамыту – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Сонымен қатар депутаттар жаңадан салынып жатқан «SteakKing» супермаркетінің құрылысымен танысты. Сена­тор­лардың айтуынша, бұл жоба шағын және орта биз­нес­ті дамытуға серпін беріп, өңір­дегі тұтынушылық инфра­құры­лымды кеңейтуге үлес қосады.

Депутаттар көпбейінді аурухана кешенінің құрылыс алаңына барды. Онда меди­циналық мекеменің қаржы­ландырылуы, жабдықталуы және құрылыстың аяқталу мерзімі талқыланды.

Парламентшілер бұл нысанның іске қосылуы Риддер және жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыратынын айтты.

«Біз еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Риддер қаласында азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалардың іске асып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай сапарлар халықтың пікірін тікелей естіп, шешуді қажет ететін мәселелерді нақтылап, заң шығару және өкілдік қызметіміз аясында нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Ал депутат Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қалалық мәслихатының депутаттарымен бірге бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралады. Атап айтқанда, сенатор биыл құрылысы басталған жаңа емхананың құрылыс алаңында болды. Ол заманауи әрі қолжетімді медициналық мекемелер салу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Мұндай жобалар белгілен­ген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуы керек. Өйткені бұл тікелей халыққа көрсетіле­тін меди­циналық көмектің сапасына әсер етеді», деді С.Мәкежанов.

Сондай-ақ сенатор ауқымды қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген №3 қалалық емханаға барды. Мұнда ішкі жайлар мен инженерлік желілер толық жаңартылып, цифрлық қызметтер енгізілген, сондай-ақ заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылған.

«Денсаулық сақтау инфра­құрылымын дамыту – ұлт саулығына салынатын инвести­ция. Парламент мүшелері ретін­де біздің міндетіміз – мұн­дай жобалардың сапалы жүзеге асуын бақылап, медициналық қызметтердің әрбір азаматқа қолжетімді болуына жағдай жасау», деп атап өтті депутат.

Сапар барысында С.Мәке­жанов реновация бағдарла­масы аясында іске асырылып жатқан құрылыс нысандарында да болды.

Сенатор Сағындық Лұқпанов «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының өңірдегі филиа­лы өкілдерімен кездесті. Онда жүк және жолаушы тасымалдарының қазіргі жағдайы мен болашағы, қозға­лыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ өңір­дегі теміржол желісін жаңғырту мен оңтайландыру жоспарлары талқыланды.

«Заманауи әрі қауіпсіз теміржол инфрақұрылы­мын дамыту – Атырау облысының тұрақты экономикалық өсімінің негізгі шарттары­ның бірі. Сенат жүк тасымалын тиімді етуге және көлік қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да қолдайды», деді С.Лұқпанов.

Сенатор, сондай-ақ, теміржол саласын дамытудың әлеуметтік және экономикалық маңызы зор екенін атап өтті. Бұл сала өңірдегі халықты жұмыспен қамтуға, инвестиция арттыруға және тұрғындардың өмір сапасына тікелей ықпал етеді.