Газадағы жағдай жақсармаса, Ұлыбритания Палестина мемлекетін мойындайды.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер офисі 29 шілдеде Палестина мен Газаға қатысты мәлімдеме жариялады. Онда егер Израиль Газада бейбітшілік орнатуға байланысты нақты қадамдар жасамаса, Ұлыбритания қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында Палестина мемлекетін ресми мойындайтыны туралы жазылған.
Бұдан бөлек, Лондон Тель-Авивтен Иордан өзенінің батыс жағалауын аннексиялап алмауға қатысты нақты мәлімдеме жасауды талап етті.
Лондон Газа секторын бақылауда ұстап тұрған террорлық топ ХАМАС-та 2023 жылы 7 қазанда кепілге алған Израиль азаматтарын босатып, Газаны басқарудан кетіп, қарусыздануға міндеттемелер алуды талап етті.
Бұған дейін Ұлыбритания парламентінің үштен бірі Кир Стармерді Палестина мемлекетін ресми мойындауға үндеген.
24 шілдеде Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Палестина мемлекетін мойындайтынын мәлімдеген. Ресми Париж бұл қадам Таяу Шығыстағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге көмектеседі деп есептейді.
Abai.kz