Түркияның Анкара қаласында ресми сапармен жүрген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік топ өкілдерімен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы алдымен «YDA Holding» басқарма төрағасы Хусейн Арсланды қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «YDA Holding» компаниясының Қазақстанда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалары жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, түркиялық холдинг Түркістан, Астана және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салу және пайдалану бойынша үш жобаны қолға алған. Компания алдағы уақытта Астанадағы «YDA Industrial Park» көпсалалы өндіріс кешенін кеңейтіп, сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салуды бастайды.

Сонымен қатар Хусейн Арслан компанияның Ақтауда мультимодальді транзит хабын құруға қатысты жоспарымен бөлісті.

Мемлекет басшысы холдингтің Қазақстанға стратегиялық тұрғыдан қызығушылығын және елімізде жүзеге асырып жатқан инвестициялық бастамаларын жоғары бағалады.

* * *

Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев «S Sistem Lojistik» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Барлинді қабылдады. Кездесу барысында компаниямен логистика саласында өзара тиімді әрі ұзақмерзімді серіктестік орнату перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы елімізді Еуразия­дағы жетекші транзиттік хабқа айналдыру үшін Орта дәлізді жан-жақты дамыту жұмыстары басталғанын жеткізді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «S Sistem Lojistik» компаниясының Ақтөбе халық­аралық әуежайында логистика орталығын құру бастамасына қолдау білдірді. Жоба «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірге жүзеге асырылады.

Хусейн Барлин жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ компанияның алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларында да логистика орталығын кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, логистика инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту өте маңызды. Мұның бәрі транзит уақытын қысқартуға және экспорт инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.

«S Sistem Lojistik» – Түркияның логистика секторындағы жетекші инновациялық ұйым. Компания Ыстанбұл, Анкара, Измир және Анталья әуежайларында, сон­дай-ақ басқа да жерлерде жалпы аумағы 100 мың шаршы метр қойма желісін басқарады.

* * *

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Tiryaki Holding» компаниясының атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлыны қабылдады. Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Tiryaki Holding» компаниясының атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлы агроөнеркәсіп кешені бағытындағы өзара тиімді және ұзақмерзімді серіктестік мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы компанияның Астана қаласынан бидай мен бұршақты терең өңдеу зауытын салу туралы шешіміне қолдау білдірді.

Өз кезегінде Сүлеймен Тирьякиоғлы аталған жоба еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал ететінін айтты.

Кездесуде Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін тасымалдау үшін логистиканы тиімді ұйымдастыру, қойма ин­­­фра­құ­рылымын цифрландыру және элева­тор­­ларды жаңғырту мәселелері қаралды.

«Tiryaki Holding» – дәнді, майлы дақылдар, жем-шөп өндіру және экспорттау бойынша әлемдегі көшбасшы компаниялардың бірі.

* * *

Мемлекет басшысы «Orzax Group» басқарма төрағасы Селман Алимоғлыны қабыл­дады. Әлемдегі биологиялық бел­сен­ді қоспалар нарығында көшбасшы­лар­дың бірі саналатын компания басшы­лығымен кездесуде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Orzax Group» компаниясының Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салу шешіміне қолдау білдіріп, бұл бастама отандық фармацевтика саласын әртараптандыруға және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Өз кезегінде Сельман Алимоғлы компанияның Қазақстанда өндірістік базаны кеңейтумен ғана шектелмей, ғылыми зерттеу және инновация бағыттарын да дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Бүгінгі таңда «Orzax Group» биология­лық белсенді қоспалардың 150 түрін өндіріп, әлемнің 60 еліне экспорттайды. Қазақстандағы өндіріс жобасына компания 40 миллион доллар инвестиция құйып, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.