Алматыда өткен баспасөз мәслихатында "Астана концерт" продюсері Мәлік Хасенов Дженнифер Лопестің концертіне билет бағасы қалай қалыптасқанын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мәлік Хасеновтың айтуынша, Астанада билеттер 3 сағатта сатылып кеткен. Билет алғысы келген қолданушылардың көп болғаны соншалық, сайт істен шығып, кейін жаңа сатылым алаңы құрылған. Продюсер Алматыда билет сатылымға шыққан алғашқы 6 сағатта-ақ барлық отыратын орын сатылып кеткенін айтты.
"Билет бағасы концерттің өзіндік құнына қарай қалыптасады. Бұл Джей Лоның дүниежүзілік гастрольдік сапары аясында болғандықтан, аса қымбат емес. Бірақ баға барлық шығынның жиынтығы бойынша есептеледі, содан кейін әр санат тур менеджерімен келісіледі.
Бізде стадиондық концерт моделі. Егер "Алматы Арена", "Барыс Арена" сияқты сыйымдылығы аз жерді қарастырар болсақ, бағасы тым қымбат болып кетер еді. Бұл ретте концерт стадионда өткізілсе, сахна орнатылып, отыратын орындардың 30 пайызы "кесіліп", көрермендерге алаңға арналған қорғаныш жамылғысы төселеді – бұл бізге қосымша 6000 орынды қамтамасыз етеді. Алматы мен Астанадағы стадиондардың сыйымдылығы 25 мың адам.
Билет қымбат деcек... Нарықты зерттедік, үш сағатта сатылып кетсе, демек, баға дұрыс қойылған", — деді Хасенов.
Ол ең қымбат билеттер бірінші кезекте сатылғанын айтты.
Концертке Дженнифер Лопестің командасы — барлығы 100-ге жуық адам келеді деп күтіліп отыр. Шоу әншінің басқа елдердегі концерттерінің бағдарламасындай болады, көптеген костюм ауыстырылады.
Концертке бір күн қалғанда стадионда дайындық басталады, бірақ ұйымдастырушылар оған әншінің өзі қатысатыны-қатыспайтынын нақтыламады.