Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен балалардың құқығын қорғау жөнінде республикалық кеңес өтті.

Кеңеске облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Кеңесте кәмелет жасына толмағандарға байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бұған қоса, «Адал азамат» біртұтас тәрбие беру бағдарламасын жүзеге асыру және оны мектептерге енгізу барысы пысықталды. Басқосуда Оқу-ағарту, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары, Бас прокурордың орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және бірқатар облыс әкімінің орынбасарлары баяндама жасады. Отырыста балалардың құқықтарын қорғауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мәселелер мен осы бағытта қолға алынған шаралар туралы айтылды. Жиын соңында Ерлан Қарин бұл бағытта үйлесімді жұмыс істеудің, сондай-ақ оған ата-аналар қауымдастығын тартудың маңыздылығына тоқталды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

"Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауға барлық институционалды және құқықтық негіздеме жасалды. Өткен жылы, өздеріңіз білесіздер, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы заң қабылданды. Өткен жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен барлық мектептерде жаңа тәрбие бағдарламасы енгізіле бастады. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Құрылтайдың 4-отырысында Қазақстанда қабылданған балаларға қатысты барлық құжат, шаралар бар. Барлығын жинақтайтын ортақ, біртұтас "Қазақстан балалары" атты бағдарламаны дайындап, қабылдауды тапсырды. Қазір соған сәйкес, тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр".