Орта салмақта өнер көрсететін кубалық кәсіпқой боксшы Йоэнли Эрнандес (8-0, 7 KO) WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 KO) жұдырықтасуға ниетті. Бұл туралы BrunchBoxing.com хабарлады, деп жазады 1bol.kz.

Эрнандес бұл мәлімдемесін 31 мамыр күні Лас-Вегаста өткен жекпе-жектен кейін жасады. Ол сол кеште америкалық Кайрон Дэвисті (19-4-1, 6 KO) сенімді түрде жеңді.

"Қазіргі чемпиондардың ішінде WBO және IBF белбеулерінің иегері Әлімханұлы — мінсіз қарсылас. Ол деңгейі жоғары боксшы әрі онымен рингке шығуға кез келгеннің батылы жете бермейді", — деп жазады басылым.

BrunchBoxing Эрнандестің мүмкіндіктеріне де жоғары баға берген. Оны кубалық бокстың жаңа буынының жарқын өкілі деп атаған. Сарапшылар Эрнандестің стиліне қарап оны орта салмақтағы нағыз қауіпті қарсыластардың бірі деп санайды.