Тыныс — ұлттың үні
Бөлімдер
Реалды

Қазақстанда дәрілік заттардың бағасы бақылауға алынады

Қазақстанда дәрілік заттардың бағасы бақылауға алынады

Елімізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды «бір терезе» қағидаты бойынша 100 жұмыс күні ішінде тіркеуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Мақсат – препараттардың бағасын төмендету, олардың қолжетімділігін арттыру.

Шекті бағаны реттеудің жаңа тетігі тегін мемлекеттік дәрі-дәрмек тізіміндегі препараттарға қолданылады. Нәтижесінде амбулаториялық және стационарлық емге арналған дәрілік заттардың бағасы 19%-ке дейін, ал бөлшек дәріханалардағы препараттардікі 30%-ке дейін төмендейді. Тиісінше жаңа механизм алыпсатарлықтың алдын алып, бағаның себепсіз өсуіне тосқауыл қоймақ. Өткен жылы 1 шілдеден бастап енгізілген дәрі-дәрмектерді міндетті таңбалау және қадағалау жүйесінің арқасында 366 миллион препарат таңбаланып, оның 250 миллионнан астамы айналымға жіберілді. Ал 81 миллионы сатылымнан алынып тасталды.

Ержан Нұрлыбаев, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– Дәрілік препараттардың бағасын реттеу моделі өзгертілді. Дәрілік заттар құнының өсуіне әсер еткен маркетингтік, кедендік және көлік шығындары алынып тасталды. Сондықтан қазір препараттардың нақты бағасы зауыттағы негізгі құнына сәйкес қойылады. 1 шілдеге дейін ел аумағында тіркелген барлық дәрілік заттар қайта тексеріледі. Қазір аталған модельді апробациялау бойынша фармацевтикалық қауымдастықпен келіссөз жүріп жатыр.