Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда нысаналы капитал қорларын және эндаумент-қорларды дамытуға бағытталған заң жобаларын талқыға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы және осы салаға қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобалары елімізде мұндай қорларды құру мен дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастырады.
«Аталған заң жобалары Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде Үкімет тарапынан әзірленіп, 2024 жылдың 27 наурызында Мәжіліске енгізілді. 2025 жылдың 16 сәуірінде жалпы отырыста бірінші оқылымда мақұлданды», деді депутат.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы аясында жұмыс тобының талқылауы барысында бірқатар маңызды түзетулер енгізілген. Атап айтқанда:
-
активтерді сенімгерлік басқаруға беру шегі 15 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілді;
-
әкімшілік-шаруашылық шығыстардың шекті көлемі инвестициялық табыстың 30%-ынан 15%-ына, ал активтердің орташа таза құнының 1%-ынан 0,5%-ына дейін қысқартылды;
-
қор алушының жазбаша келісімін алу талабы енгізілді;
-
қолданыстағы қорларды қайта тіркеуді міндеттейтін өтпелі нормалар алынып тасталды;
-
қамқоршылық кеңес пен атқарушы органның өкілеттіктері нақтыланды;
-
мүлік пен зияткерлік меншік объектілерін басқару тәртібі нақты айқындалды.
Сонымен қатар, ілеспе заң жобасы аясында келесі заңнамаларға өзгерістер енгізілді:
-
«Аудиторлық қызмет туралы» Заң – эндаумент-қорларды міндетті сыртқы аудит жүргізілетін ұйымдар қатарына қосу;
-
«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заң – қорларды қоғамдық мүдде танытатын ұйымдар ретінде тану;
-
«Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы» Заң – мемлекет қатыспай құрылған академиялардың атауында «ұлттық» сөзін қолдануға тыйым салу.
«Бұл түзету бойынша, егер осындай академиялар бір жыл ішінде атауын өзгертпесе, олар уәкілетті органның сотқа жүгінуі арқылы таратылуы мүмкін», деп түсіндірді депутат.
Сонымен қатар, Түркістан облысындағы Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендер (Бүргем, Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ, Қүшата және Шаштөбе) экологиялық ахуалдың алдын алу аймағы деп танылатын болды. Бұл өзгеріс «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңға енгізілді.
Мәжіліс депутаттары заң мәтінін заң техникасы талаптарына сәйкестендіру үшін бірқатар редакциялық өзгерістер де енгізді.
«Құқықтық актілер туралы» Заңның 24-бабына сәйкестік мақсатында, заң жобаларының атаулары нақтыланды, деді Жұлдыз Сүлейменова.
Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобалары бойынша оң қорытынды берді. Комитеттің жұмыс тобы 20 отырыс, ал кеңейтілген құрамда 2 отырыс өткізген. Қорытынды салыстыру кестесіне сәйкес, негізгі заң жобасы бойынша 174, ал ілеспе заң жобасы бойынша 24 түзету енгізілген.
«Сондықтан осы Заң жобаларын қабылдап, Парламент Сенатына жіберуді сұраймын», деп қорытындылады депутат Жұлдыз Сүлейменова.