Көрші елдің ғылым академиясы мұны зерттеуге кірісті.
Ресей ғылым академиясы (РҒА) Сібір суларын, соның ішінде Обь (энциклопедия бойынша байырғы атауы – Оппа, снежный сугроб) өзенін Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға бұру мүмкіндігін қарастырады.
Forbes жазуынша, РҒА ғалымдары РФ білім және ғылым министрлігіне тиісті ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыруды мемлекеттік жоспарға қосуды ұсынады. Содан соң тиісті жоба қолға алынуы мүмкін.
"Сібір өзендерін Орталық Азияға бағыттау жобасын 1970-ші жылдары Кеңес одағы жүзеге асыруға талаптанды. Одан айырмашылығы сол, қазіргі жоба Ресейден Қазақстан арқылы Өзбекстанға қазылатын ашық арнаны емес, Обьтан бастау алатын су құбырын салуды ұсынады. Ресей ғылым академиясының ғалымдары Сібір өзендерін Орта Азияға жеткізу бойынша кеңестік жобаның заманауи баламасын пысықтау туралы шешім қабылдады", – деп хабарлады РБК.
РҒА Су проблемалары институтының ғылыми директоры Виктор Данилов-Данильян академияның Жер туралы ғылымдар бөлімі сібірлік Обь өзенінің бір тармағын Өзбекстанға дейін жеткізу жобасының ғылыми құрамдауышын жасаумен айналысатынын нақтылады.
Данилов-Данильянның мәліметінше, РҒА Жер туралы бөлімінің "Құрлықтың су ресурстары" ғылыми кеңесінің өзі төрағалық еткен соңғы отырысында осындай шешім қабылданыпты.
"Ғалымдар Ресейдің су саласын стратегиялық жоспарлау проблемаларын зерттеумен шұғылдануда. Соның аясында су ағынын кең ауқымды бассейнаралық және трансшекаралық бағыттаудың мүмкіндіктері мен салдарлары тереңірек зерделенеді. Бұл ретте климаттық эффекті, су және жерасты экожүйелеріне ықпалы, жобаға қатысушы елдердің ұзақмерімді әлеуметтік-зкономикалық дамуына әсері қарастырылады", – делінген отырыстың қарарында.
Отырыс қатысушылары Обь өзені ағынының бір бөлігін Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасындағы Арал теңізіне таратуды, сондай-ақ Печора мен Солтүстік Двина өзендерін Каспийді қоректендіретін басты су қайнары – Еділ-Волга бассейніне және әрі қарай Азов теңізіне бағдарлауды барынша перспективті жобалар ретінде таныды.
КСРО ғылым академиясы Сібір өңірінен Орта Азияға алып әрі ашық канал қазуды пысықтағаны мәлім. Одан ерекшелігі – РФ ғылым академиясы полимерлі құбырлардан тұрғызылған алып, бірақ жабық құбыр жүйесін құруды талқылауда. Сонда судың көбі жолай жерге сіңіп, желмен ұшып, аптаппен бірге құрғап, босқа ысырап болмайды. Көздеген жеріне дөп жеткізіледі.
Бұл Ресейге неге керек?
Сібір суларының Орталық Азия елдеріне қажеттілігі зор екені даусыз. Өйткені Қазақстан да, Өзбекстан да дүниежүзіндегі ең суы тапшы 30 елдің қатарына кіреді. Бірақ өз аумағындағы осы құнды ресурсты өзгеге берудің Ресейге қажеті қанша? Ресейлік сарапшылардың түсіндіруінше, мұның РФ-қа пайдасы көп.
Ең бастысы, Ресей ол суды Орталық Азияға тегін бермеуі мүмкін, қара алтын сияқты сатады. Бұған қоса, осы құбыр арқылы Ресей Орталық Азияға ықпалын күшейте түседі.
Сонымен бірге, бұл халықаралық мега-жобаны ресейлік мердігерлер жүзеге асырады. РҒА-ның әлгі аталған отырысына қатысқан "Полипластик" компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Лев Гориловский жалпы ұзындығы 2 100 шақырымды құрайтын құбырлардың 7 тармағынан тұратын тұйықталған, алып, жоғары қысымды құбырлар жүйесін құруды ұсынды.
Оның дерегінше, бірінші кезеңде мұндай су құбыры жүйесі жыл сайын шамамен 5,5 миллиард текше метр сібірлік суды өткізе алады. Қажет болып жатса, жүйені әрі қарай кеңейтіп, бұдан 3-4 есе көп су айдауға мүмкіндік болады.
Дегенмен, Данилов-Данильянның өзі Орталық Азияға су құбыры желісін тарту жобасы дәл қазір шұғыл жүзеге асыруды талап етпейді деп санайды. Ғалымның пікірінше, жаһандық жылыну жағдайында Ресейдің өз өңірлерін қуаңшылық жайлай бастады. Мысалы, Қалмақияда, Краснодар және Ставрополь өлкелерінде, Астрахан, Орынбор, Ростов облыстарында, Дағыстанда және басқасында судың өткір дефициті туындап жатыр.
Әйтсе де, РҒА-ның өзге мүшелері бүгінде орталықазиялық өңірді бірінші кезекте сумен қамтуды басымдық санайды. Ресейлік ғылым академиясының академигі Роберт Нығматулин отырыста сөйлеген сөзінде Орталық Азияда су мен электр энергиясының жетіспеушілігі проблемалары барған сайын ушығып жатқанына назар аудартты.
"Сібір суларын аймаққа бағыттау – осы және басқа да көптеген дағдарыстың алдын алатын тиімді шараға айналар еді. Сібір өзендері ағынының тек бір бөлігін ғана осы мақсатта пайдалану ұсынылады. Нақтылағанда, Сібір суларының жылдық жалпы ағыны шамамен 3 мың текше шақырымды құрайды. Соның небәрі 20-дан 70 текше шақырымға дейінгі көлемін ғана беруге болады. Сонда бұл қадам бір жағынан, Орталық Азиядағы су дефициті мәселесін шешеді, екінші жағынан өңірдің Арктикамызға түсіретін жылу жүктемесін төмендетеді. Бұдан барлық тарап ұтады", – деп қорытты Роберт Нығматулин.
"ИЗС Инжиниринг и Консалтинг" консалтингтік компаниясының жобалар басшысы Дмитрий Созонов ғалымдар ұсынып отырған мега-жобаны 100 миллиард долларға бағалады. Мұндай шығынды Ресей де, ОА республикалары да көтере алмайды. Сондықтан осы елдердің кепілдігімен сырттан – халықаралық ұйымдардан қарыз және грант қаржы тарту қажет болады.
Сарапшының байламынша, жоба құрылысы, басты қуаттылықтарын құрудың өзі кем дегенде 10 жылға созылады. Ендеше көп созбалаңға сала бермей, құрылысына мейлінше жылдам кіріскен абзал.
Созонов мұндай жоба – теңдессіз еместігін, бұған дейін басқа елдер жүзеге асырғанын алға тартты: мысал ретінде Ливиядағы Ұлы жасанды өзенді, АҚШ-тағы Калифорния акведукін, Сауд Арабиясындағы алып су құбырлары жүйелерін келтірді.
КСРО Су шаруашылығы министрлігі 1970-1980-ші жылдары академиктердің ұсынысымен, Батыс Сібір жазығындағы Обь, Ертіс, Тобыл, Есіл өзендерін Арал теңізіне жеткізетін ашық арнаны салудың түрлі нұсқаларын ұзақ пысықтады.
Жобаны жетілдіру жұмыстары 20 жылға ұзады да, Кеңес одағының алапат бюджет тапшылығына, күйрей бастаған кезеңіне тап болып, тығырыққа тірелді. Ғаламат жобаны қаржыландыруға ресурс табылмағандықтан, 1986 жылы КОКП Орталық комитетінің Саяси бюросы бұл жұмыстарды доғару туралы шешім қабылдады.
Жоба Орталық Азияда қолдау табады және әрдайым өзектілікке ие. Философия ғылымдарының кандидаты, Плеханов атындағы Ресей зкономикалық университетінің Ташкент филиалының доценті Равшан Назаровтың сендіруінше, егер Сібір суы келмесе және біздің аймақта су дағдарысы басталса, онда Ресейге 100 миллионға шейін босқын ағылады. Ол осындай мәлімдемені таяуда өткен "Орталық Азиядағы су ресурстары: сенім тапшылығы ма, әлде су тапшылығы ма?" атты халықаралық жиында мәлімдеді, деп жазды Podrobno.uz порталы.
Назаров Ауғанстан Кош-Тепа арнасын толық қуаттылықта іске қосқан соң Түрікменстан және Өзбекстанның батыс өңірлері сусыз қалатынын қаперге салды. Ауғанстан Ислам Әмірлігінің қазіргі билігі Әмударияны буып, оның суын 550 мың гектар ауғандық шөлейтті жерлерді суландыруға бағыттайтын бұл алып ирригациялық каналдың құрылысын 2022 жылғы наурызда бастады. 108 шақырымдық бірінші телімі 2023 жылы пайдалануға берілді. Екінші кезеңінің құрылысы белсенді фазада және аяқталуға таяды.
Бұдан ауған елі өркендер, алайда орталықазиялық екі елге келер залалы анық: Арал теңізі құрғағаннан кейін басталғанға ұқсас, бірақ әлдеқайда үлкен ауқымдағы экологиялық миграцияға серпін береді.
"Сібір өзендерін Орталық Азияға бұруды көптеген адам не беймүмкін нәрсе, немесе тым қымбат жоба деп санайды. Бірақ адам өмірінен, мемлекетті сақтап қалудан қымбат не бар? Бүгіннің өзінде Орталық Азия елдерінің халықтарының жалпы саны 80 миллионнан асты. Шамалы уақыттан кейін 100 миллиондық сындарлы белеске жетеміз. Егер Ресей Сібір суларымен бөліспесе, осы миллиондар Ресейге барады", – деді ғалым Назаров.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегінше, аймақтағы суды ең көп тұтынатын республика – Түрікменстан: 7 миллиондай ғана тұрғыны бар осы ел жылына 53 текше шақырым су жұмсайды. Бұл Қазақстан мен Өзбекстанның шығындайтын су көлемдерін қоса алғандағыдан да көп!
Себебі түсінікті: Түрікменстанда эксплуатациялық құрылысжайлардың және коммуналдық құбыр желілердің ең көнерген паркі орналасқан, орасан көлемдегі су бетондалған ашық каналдарда да буға айналып, ұшып кетеді. Ауыл шаруашылығы суды шектен тыс ысырап етеді.
Сібір өзендерін Қазақстан арқылы Орталық Азияға бұрудан барлық республикалар ұтар еді. Бірақ тараптардың ешқайсысы жай ғана талқылап, зерттеуден әрі аса алар емес.