Атырау облысына биыл шет елдерден 259 этникалық қазақ көшіп келді.
Олардың көбі Өзбекстаннан қоныс аударған. Сондай-ақ Ресей мен Түркіменстаннан, Моңғолия мен Қытайдан көшіп келгендер де бар. Өңірге қоныстанған 100 адамға қандас мәртебесі беріліп, әлеуметтік көмектермен қамтылған.
Абай Жанақбаев биыл Ресейдің Астрахань қаласынан қоныс аударған. Жары мен 5 баласы жаңа мекенге тез үйренді. Өзі түрлі мекемеге жарнама жасаумен айналысады. Атырауға көшудегі басты мақсатым – ұл-қыздарыма ана тілін үйретіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, — дейді ол. Себебі шетте жүріп, салт-дәстүрдің көбі ұмыт қалғанын айтады.
Абай Жанақбаев, қала тұрғыны:
- Қазақстандағы білім саласының өте жақсы екенін зерттеп білдім. Балаларымның сапалы білім алып, ана тілін жетік меңгеруі үшін осы жаққа көшуді дұрыс деп санадым. Балаларым қазір мектепке орналасты. Қандас мәртебесі берілгеннен кейін жаңа үй алуыма да мүмкіндік туды.
Мөлдір Қуатбаева Өзбекстаннан былтыр көшіп келген. Биыл ғана қандас мәртебесін алды. Соның арқасында әлеуметтік көмек тағайындалып, тұрғын үй алуға жәрдемақы берілген. Жақында жаңа баспасына көшеді.
Мөлдір Қуатбаева, қала тұрғыны:
- Біздің көшіп келуіміздің мақсаты – осы жақта өніп-өсу, балаларымыздың өзінің Отанында өсіп-өніп, оқуы үшін келдік.
Жалпы биыл өңірге 259 этникалық қазақ көшіп келді. Оның 103-іне қандас мәртебесі берілген.
Асылзада Сүндетова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:
- 62 отбасы 100 адамға отбасын көшіруге 70 АЕК мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленді және 23 отбасы 37 адамға ай сайынғы тұрғын үйді жалдауға әлеуметтік төлемдер көрсетілді. Биылғы жылы 5 отбасы, 17 адамға 1160 АЕК мөлшерінде экономикалық-мобильді сертификаты, яғни тұрғын үйді сатып алуға экономикалық-мобильді сертификаты тағайындалды.
Қазір облыста қандастарды уақытша орналастыру орталығы да жұмыс істейді. Сонымен қатар көшіп келгендер Мансап орталығы арқылы жұмысқа тұра алады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин