Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантайұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасады , деп жазады Egemen.kz.
Жарқынбек Амантайұлы заң жобасының негізгі тұстарын бірінші оқылымда баяндаған болатын. Депутат бүгін заң жобасы бойынша жүргізілген жұмыс туралы және депутаттардың бастамасы шеңберінде қабылданған 5 түзетуді назарға ұсынды.
Бірінші. Құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың қайтыс болған қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасы мүшелері 2022 жылғы қаңтардан бастап біржолғы жәрдемақы төлемдеріне қосымша ретінде ай сайынғы төлемдер алуға құқығы бар (жесірлері – өмір бойы, балалары – 23 жасқа толғанға дейін). Алайда бұл санатқа 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қайтыс болған қызметкерлердің отбасы мүшелері енбей қалған.
Бұл олқылықты жою мақсатында осы нормаға кері күш беру туралы түзету енгізілді. Бүгінгі күні 1991 жылғы 16 желтоқсан мен 2021 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде қайтыс болған қызметкерлердің отбасылары осындай ай сайынғы төлемдерді алмай келген. Мұндай отбасылардың саны 530.
Екінші. Қазақстанда техникалық сора (канабис) саласында өндірісті дамытуға отандық және шетелдік инвесторларды тарту және ел экономикасын дамыту мақсатында өсіруге рұқсат етілген сора өсімдіктері сорттарын, өсіруге рұқсат етілген сора (канабис) өсімдігіндегі тетрагидроканнабинолдың құрамын анықтау, сондай-ақ сора (канабис) өсімдіктерінің сорттарын өнеркәсіптік қайта өңдеу жөніндегі мәселелерді реттеу ұсынылады.
Үшінші. Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде кейбір адамдарды дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босатуға қатысты түзетулер де бар:
1) шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың дипломаттық мәртебеге теңестірілген басшылары және олардың отбасы мүшелері;
2) шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың дипломаттық мәртебеге теңестірілген мүшелері және олардың отбасы мүшелері – дипломаттық паспорттардың иелері, сондай-ақ ресми шетелдік делегациялардың мүшелері және олармен бірге жүретін адамдар – дипломаттық паспорттардың иелері;
3) Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;
4) Қазақстан Республикасына қызметтік істер бойынша жіберілетін, дипломаттық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар дипломаттық паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері;
5) дипломатиялық поштаны тасымалдайтын дипломаттық курьерлер – курьерлік парағы болған кезде дипломаттық паспорттардың иелері;
6) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар.
Ресми шетелдік делегацияларды дактилоскопиялық тіркеуден босату қысқа мерзімді сапарларды жеңілдетеді және ортақ міндеттерді шешуге әрі бірлескен мақсаттарға қол жеткізуге басты назар аударуға мүмкіндік береді.
Дактилоскопиялық тіркеуден босатылғанына қарамастан, визаларды тексеру және ресімдеу рәсімдері әлі де міндетті болып қала береді, бұл шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағына кіруі мен келуін бақылаудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, қоғамдық орындарда бет жүзін тануға кедергі келтіретін заттарды қолдануға тыйым салынады.
Төртінші. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға «дала төлемдері» деген ұғым енгізіледі.
Дала төлемдері әскери қызметшілерге ғана дала жорықтары, теңізге шығу, кемелердің оқу-жаттығуларға немесе жорықтарға бір тәуліктен артық қатысу кезеңі үшін 1,2 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленетін болады.
Дала төлемдері әлеуметтік қорғалуды жақсартуға, әскери қызметтің беделін арттыруға, сондай-ақ әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлік сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бесінші. 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы құқық қорғау органдарының кадрлық құрамын нығайтудың, олардың әлеуметтік және материалдық қамтамасыз етілуін біріздендіру мен теңестірудің маңыздылығына назар аударады.
Осы Заң жобасы шеңберінде тұрғын үймен қамтамасыз етуде бірқатар жаңа тәсілдер ұсынылады, оларды іске асыру бөлінетін бюджетті ұтымды және біркелкі пайдалануға, тұрғын үй төлемдері тетігімен барлық күш блогын бірдей қамтуға мүмкіндік береді.
Қолданыстағы нормалар тұрғын үйді жалға алуға және жөндеуге берілетін қаражатты қолма-қол ақша етіп алуға мүмкіндік беретіні жасырын емес. Бақылау тетігі жоқ. Жаңа нормалар бұл олқылықтарды жабады, қызметкерді баспана алуға ынталандыру арқылы ұзақ мерзімді жалға алуды тиімсіз етеді.
Бұрын қызметкерге тұрғын үйді ұзақ уақыт жалға алу, ал несиені қызмет өткеру мерзімінің соңына қарай рәсімдеу тиімдірек болатын. Енді жалдаудың ең ұзақ мерзімі сегіз жылдан аспауы керек, бұл мемлекетке жүктемені 3-4 есе азайтады. Әрі бұл орасан зор қаражат.
Түзетулермен тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін тұрғын үй алаңына 90 шаршы метрден аспайтындай етіп анықтауды ұсынамыз. Қызметкерлер бұл баю тәсілі емес, әлеуметтік пакет, мемлекеттің қолдауы екенін түсінуі керек.
Қолданыстағы нормалар бойынша еңбек өтілін ескере отырып, әскери қызметші жұмыстан босатылған кезде біржолғы тұрғын үй төлемдерін алады. Бұл орташа есеппен 30 млн. теңге. Бұл сома толық көлемде төленеді, тіпті егер оның ипотекалық балансы небәрі 5 миллион болса да, бұл бюджеттің қисынсыз шығындарына әкелді. Енді тек ипотека өтеледі, ал артығы мемлекетке қайтарылады.
Түзетулермен тағы бір тұжырымдамалық мәселе, 20 жылдан астам еңбек сіңірген барлық қызметкерлерге тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы шешілуде. Бұған дейін бұл тек әскери қызметшілерде, арнаулы мемлекеттік органдарда және Ішкі істер министрлігінде болған.
Түзетулер қолданыстағы алушылардың құқықтарына әсер етпейді. Инновация жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін қызметке кіретіндерге қолданылады.
Бұл түзетулер құқық қорғау қызметін өткеруге қатысты мына мәселелерді реттейді:
- қызметкерлерді ротациялау,
- аттестаттауды тапсыру,
- адамды қылмыстық жауапқа заңсыз тартқаны үшін тәртіптік жауаптылық,
- денсаулық жағдайы бойынша қызметке қабылдау кезіндегі шектеулер,
- басқа мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктерді сақтау,құқық қорғау органдары қолданатын арнайы құралдардың тізбесін айқындау тәртібі кезінде туындаған мәселелер.
Жарқынбек Амантайұлы түзетулердің жұмыс топтарында жете қаралғанын ескеріп, Заңды қабылдап, оны Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберуді ұсынды.