Жолаушы Тұрдығұловты өнерсүйер қауым "Қазақтың Страдивари" деп те атайды.

Жолаушы Тұрдығұлов – "Үкілі домбыра" және "Дана қобыз" сайысының бас жүлдегері, "Алтын домбыра" және "Алтын қобыз" сыйлығының иегері, шетелдегі түрлі қолөнер көрмелеріне қатысып, қазақтың ұлттық аспаптарын дәріптеп жүрген "Қазақтың Страдивари". Ол ағаш жонған шебер ғана емес, домбыра жасаудың қыр-сырын үйретіп, талай шәкірт тәрбиелеген құрметті ұстаз.

Шебердің қолынан шыққан домбыралар Секен Тұрысбек, Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, Қайрат Байбосынов секілді елге белгілі өнер иелерінің қолында күмбірлеп жүр. Жолаушы Тұрдығұловтың екі домбырасы Америкадағы әлем музыка аспаптарының музейінде тұр.

Информбюро тілшісі екі мыңнан астам аспап жасаған, зейнетке шықса да Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде реставрация шебері болып жұмыс істеп жүрген Жолаушы Тұрдығұловпен аз-кем сұхбаттасты.

"Жолаушы мектебі"

– Қай кезден бері бұл өнермен айналысып жүрсіз?

– Елу жылдан астам уақыт музыкалық аспап жасаумен айналысып келемін. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 27 жылдай ұстаздық еттім. Ағашты көркемдеп өңдеуден сабақ бердім. Музыкалық аспаптар, ағаштан жасалатын тұрмыстық бұйымдар жасауды үйреттім. Хоббиім музыкалық аспаптар жасау болғандықтан соған көбірек көңіл бөліп, көп шәкірт тәрбиеледім. Бүкіл Қазақстанда "Жолаушы мектебі" деген мектеп бар. Музыкалық аспаптардың үнінің сапасы, дәстүрлі дыбыстарды қайта жаңғырту, аспаптардың түп негізі қалай болған және қалай өрістеген, ұмытылып бара жатқан кейбір аспаптарды қайтадан дүниеге әкелу секілді көптеген жұмыс атқарылды.

Белгілі өнер қайраткерлері, бұрынғы сал-серілер, күйшілер мен домбырашылар ұстаған аспаптарды жаңғыртып, қайта дүниеге әкелдім.

Көп шәкірт қалдырдым деп мақтанышпен айта аламын. Бүкіл Қазақстан бойынша өнер қайреткерлерінің аспаптарының жартысын менің шәкірттерім жасайды. Қазір құрметті демалыстамын. Құрманғазы оркестрінде реставрация шебері болып жұмыс істеймін.

– Музыкалық аспапты жасау бар да, оның үнін шығару бар ғой. Кейде домбыраның сырт келбеті қанша әдемі болса да, тартқанда үні дұрыс шықпайды. Түрін де, үнін де қалай келістіру қажет?

– Домбыраның дыбысын шығару үшін бет қақпағын дұрыстап жабу керек. Материал дұрыс таңдай білу де маңызды. Соның барлығы синтез болғанда ғана дыбысы жақсы шығады. Ол үшін дыбысты, ағашты тани алу керек. Дыбысты ажырата алу қабілеті болуы қажет. Акустикалық ағаштардың жақсысын таңдай білгені жөн.

Ағаш біраз жыл кебуі керек. Дизайны қанша керемет болса да, үні болмаса ол – аспап емес.

Қарапайым түрде жасалса, бірақ дыбысы керемет болса, бағасы да қымбат болады.

Бұрынғы шеберлердің біраз аспабы сақталып қалды. Жоғалып кеткен үндер бар. Үнтаспаға жазылып қалған Дина әжеміздің домбырасының үні, кейінгі Қалижан Тілеуов, Рүстембек Омаров, Сұлтанғали Лұқпанов тартқан домбыралардың үні қазір жоқ.


Оқи отырыңыз: Абай мен Шәкәрім, Махамбет пен Біржан салдың домбырасы сақтаулы Ықылас музейінен фоторепортаж


Көп күй ұмытылып кетті

– Олар тартқан домбыра үнін қайта жаңғыртуға бола ма?

– Иә, болады. Оған уақыт керек. Көне дыбыстар ғой. Мысалы, Сахараның дыбысын, қырылдаған шалдардың дыбысын береді. Қазіргі дыбыстардың барлығы нотаға, оркестрге лайықталған таза дыбыстар. Бұрындары домбыра дыбыстарында өте таза дыбыс болмаған. Өзіндік бір қыжыл, құлаққа жағымды дыбыстар болған. Дәстүрлі дыбыстар жоғалып бара жатыр. Мысалы, Әбікен Хасеновтың "Қоңыр" деген күйі бар. Сол Әбікеңнің қалдырып кеткен үнін табу қиын. Ол да уақытымен келеді. Аспап тартыла-тартыла біраз жылдан кейін дыбысын табады.

– Кезінде әрі өңірдің күйшілік мектебі болды ғой. "Қазір бәрі біртұтас болып кетті, ерекшелік қалмады" дегенді естиміз. Оған не себеп? Сол мектеп өкілдері тартқан домбыра үнінің сақталмауы себеп пе?

– Жас кезде домбырашылар алып-ұшып тұрады. Оларға виртуоз, жылдам күй керек әрі технкиаға көбірек көңіл бөледі. Ал жүректпен тарту тыс қалып қояды. Сондықтан бәрінің өнері бірдей сияқты болып көрінеді. Келе-келе салиқалы жасқа жеткен кезде ойлана бастап, байсалды күйлерге, философиялық дүниелерге көшеді. Бір қарағанда бірдей сияқты, бірақ бір деп айтуға болмайды.

Әртүрлі мектеп бар. Батыстың төкпе күйлері, Алтай күйлері, Тарбағатай күйлері, Қытайдан келген қандас күйшілеріміз, Жетісу күйлері бар. Ақырын-ақырын тармақталып жатыр.

Бұрындары шертпе күйге көңіл бөлінбеген соң ұмытылып кетті.

Шертпе күйдің ең соңғы өкілі Уәли Бекеноватан кейін бұл күй жоғалып кетті. Қазір Біләл Ысқақ қолдауымен шертпе күй сыныптары ашылды. Басқа да ұлттық аспаптардың сыныбы ашылып жатыр. Осы ғасырда музыкалық аспаптарымыз өрістеп, қайта жаңғырып жатыр. Шеберлердің кәсібилігі өсіп, өте жоғары деңгейге жетті деп айтуға болады.


Оқи отырыңыз: "Қазақтан бұрын домбыра болған". Домбыраның тарихын білесіз бе?


Әр қазақтың үйінде домбыра ілініп тұруы керек

– "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" дегендей ұлттық өнерімізді келешек ұрпаққа мирас етіп қалдыру үшін мектеп бағдарламасына домбыраны міндетті пән ретінде қосу керек деген ұсыныс айтылып жатыр. Сіз бұған не дейсіз?

– Өте қуантатын жайт. Барлық мектептің жанында домбыра үйірмелері бар. Нағыз қазақи Көкіл мектебінде балалар бірінші сыныптан бастап нотасыз, құймақұлақ арқылы домбыра тартады. Домбыраның маңызы артып, беделі өсіп, бүкіл әлемде домбыраға деген қызығушылық пайда болып жатыр. Димаш Құдайбергеннің домбыра тартуды үйренгісі келетін шетелдік жанкүйерлері көп. Шетелден бізге тапсырыс беретіндер аз емес. Екі ішектен төгілген үнді естіп таң қалады.

Бұл – ешкімде жоқ қайталанбас, қасиетті де киелі аспап.

Әр қазақтың үйінде домбыра ілініп тұруы керек. "Келген қонақ домбыра сұрағанда ұят екен" деп домбыра алдыртып жатыр. Қазақта ғана бар күй өнері материалдық байлығымыз болып танылды. Домбыра күнін атап өтеміз. Сондықтан домбыраның болашағы жарқын деп ойлаймын.