Кеңес кезінде әйгілі композитор Әбілахат Еспаевтың "Мәдениет және Тұрмыс" журналында ән нотасы жарияланып, қаламақысын алуға редакцияға соғыпты. Журнал басшылығы өнер иесінің қазаққа кең таралған әніне ең төменгі шектегі қаламақыны жазса керек. Сонда болмашы ақшаға көңілі толмаған дара тұлға: "Мәдениеттерің жоғары болғанмен, тұрмыстарың нашар екен" деген екен. Арада Қазақстан тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшіп, "Ішкі жалпы өнім құны жан басына шаққанда 10 мың долларлық межені бағындырған орта дәулетті елдер қатарына қосылды" деп бөрікті аспанға атқанымызбен, ой еңбегімен айналысатындардың жағдайы кеңес кезінен де төмен болып отыр. Оған дәлел ретінде кешелі бері әлеуметтік желі де танымал жазушылар көтеріп жатқан қаламақы мәселесін айтсақта жетіп жатыр.

Танымал жазушы Жүсіпбек Қорғасбек фейсбук парақшасында: "Жаңбырдан кейінгі таң. Тауға жақын жер. Демалыс орны. Жалғыз жортасың. Күш-қайрат тасып тұр. Жазу керек. Бір эссе жазсаң, пәленбай мың адам оқиды. Газеттер, сайттар, порталдар сұрайды, бірақ қаламақы төлемейді. “Менің пірім Сүйінбай” дейтіндей, пір де жоқ. Өзіңе өзің пірсің!" деп жазба жариялап еді, ол дереу көп талқысына түсті.

Еңбекқор жазушы Асқар Алтай: "Бүгінгі күні бірден бір еңбегі еш, тұзы сор есіл еңбек Иесі — ақын-жазушылар.

Руханият ортасында ғана емес, қазақ руханияты туралы Сөз айтылу керек жерде ғана қоғамға да, билікке де керек бола қалатын, рух туын көтеру керек болса тегін пайдалана кетуге даяр құмай да құмар топтар “жемтігіне” айналатын профессинал жазушылар жер болғалы (1991-2025) қашан. 34 жыл өтті… Шындық. Тағы қанша өтетіні Құдайға емес, құдай санап алған адамдарға аян!?" деп жылдар бойы қордаланған түйткілді төтесінен қойды.

Танымал журналист Махат Садықтың дерегінше Кеңес кезінде ақын-жазушылардың миллион оқырманы болған екен.

"Классик ақын Ұлықбек Есдәулеттің 20 жасында 1974 жылы шыққан екі кітабы Қазақ ССР бюджетіне 10 мың доллар пайда әкелді. Мінеки осылайша сол кезде баспа басқан әр кітап мыңдаған қаржыны қазына қоржынына құятын. Ал, қазақ жазушылары арасында бір кітабы миллион тиражбен жарияланған жазушы Кемел Тоқаев. Сол кітабы ел бюджетіне миллион доллардан астам пайда берді" деп жазды ол.

Жаңа буын қаламгерлер де қаламақы төленбейтініне наразы. "Жошы хан" романының авторы Ұларбек Дәлей қаламақысыз ештеңе жарияламауға бекінгенін айтса, тағы бір жазушы Есбол Нұрахмет жаңа туындысын 100 мың теңгеге бағалап, алушы іздеп отыр...

Кеңес шекпенінен шыққан біз де сәл қаралғанымен АҚШ, Англия, Франция, Жапония қатарлы елдерде мәдени индустрияның ІЖӨ құнындағы үлесі 4 пайызды құрайтынын атап өткен жөн. Қазіргі ғаламтор дәуірінде бір мемлекеттің мәдени әлеуеті өзге қуатының бәрінен озып, басым орынға шығып отыр.

Кеңес үкіметі кезінде ой еңбегімен айналысатындардың еңбегі еленіп, кітап саудасы жақсы жолға қойылғанымен, жүйелік мәселелер: жоспарлы шаруашылық құрылымы, әкімшілік-әміршілдік басқару жүйесі түбіне жетіп тынды. Жалқы (демократиялық жүйе) мен жалпы (идеологиялық жүйе) жарысында коммуниистік жүйе жеңіліс тапты. 1991-жылдың аяғында кеңес одағы тарады. 1949-жылдан кеңес одағын үлгі етіп келе жатқан коммунистік қытай билігі оның аяғын құшпау үшін шығар жол іздеді. Қытай реформаторы Дың сяу пин 1992-жылы жоспарлы шаруашылықты — нарықтық шаруашылыққа көшіруге шешім қабылдады. Араға екі жыл салып, 1994-жылы мәдениет саласын да бүкілдей нарықтық басқаруға берді.

Жоспарлы шаруашылық кезінде қытай жазушыларының күні қазіргі біздегідей миһнатпен өткенін атап өткеніміз жөн. Қазір сол сексенінші жылдары Қытайдың Мәдениет министрі шайтанарбамен жүрді десе ешкім сенбейді. Нарыққа көшкеннен кейін қытай қаламгерлерінің бағы ашылды. Қарт жазушы Маңмің 1000 әріптік жазбасына 3 мың юан (210 мың теңге) алып, ақшаның дәмін татады. Нобел сыйлығына ұсынылған жазушы Ваңсуо жұмысынан кетіп, жазуға отырады. Соңғы үш тәулікте қара су ғана ішіп, алғашқы көлемді еңбегін аяқтайды. Артынан оның баспақұқын кино компанияға 100 мың долларға сатып, шала байып қалады.

Солай басталған Қытайдың кітап нарығы бүгінде әлемдік тізімде көш басында тұр. 2006-жылы 27 жастағы қарапайым кеден қызметкері Шы фамилалы азамат "Миң хандығының шетін оқиғалары" тарихи-деректі романын жариялайды. Жыл соңында кітап тиражы 10 миллион данаға жетіп, миллиадер боп шыға келеді. Қытайдың мәдениет саласын нарыққа көшірген бар болғаны 20 жылда қаламгердің де, халықтың та тұрмыс деңгейінің жаңа сатыға көтерілгенін осыдан-ақ көруге болады. Ол аз десеңіз Мұқағали Мақатаевтің қытай тілінде жарық көрген өлеңдер жинағы нарықтан түспей, бағасы бүл күнде 1000 юанге(70 мың теңгеге) жуықтаған.

Қытайдың әйгілі "Глобаль" басылымының бұрынғы бас редакторы Ху мырза әлеуметтік желіде жариялап отыратын күнделікті саяси сараптамалыры үшін жылына 20 миллион юан(1.4 миллиард теңге) табыс табады екен. Мұндай ақшаны біздегі саяси сарапшы, ақын-жазушы емес, шоу бизнес өкілдері мен әзілкеш киногерлер де таба алмасы анық. Міне бұл дені сау, құрылымында ақауы жоқ, сауатты қоғамның көрінісі.

Сексенінші жылдардың ортасында Қытай симфониялық оркестірінің концертіне 27 адам ғана келген екен. Экономикасы еңсесін көтерген қытай халқы бүгінде Еуропалық классик музикасының басты тұтынушысына айналып отыр. Қытай мұндай деңгейге қалай жетті? Мәдениет министрлігінсіз жаһандық мәдени державаға айналған Американың, тарихи дәстүрін берік ұстанатын Еуропа елдерінің, Азиялық әріптестері Жапония мен Кореяның мәдени индустрияны ел экономикасының басты тірегіне айналдырудағы табысты жолдарын зерделеп, үйреніп, жаңаша түлетіп жетті.

Ал біздің жағдайымыз нешік?. Қаламақыға жарымай отырған қаламгерлердің жағдайына арылап үңілсек, мәселенің шеті қылтияды. Ой еңбегімен айналысатындардың нарықтық құны таразыланбаған 30 жылда кітап оқымайтын, әдеби, көркемдік түйсіктен жұрдай жаңа буын өсіп, жетілді. Бір-екі жыл бұрын танымал ақын Ертай Ашықбаев ағамыздың мектеп оқулығына енген, вертуалды қоғамда ерке өскен тентек баланың қиқарлығы монолог формасында берілген өлеңіне сол әдеби түйсіктен жұрдай жас ата-аналар шағым түсіріп, мектеп оқулығынан алдырып тастады. Мұқағалиды қорлаған тағы бір поэзияның иісі мұрнына бармайтын блогер сотта жауап беріп жатыр. Оған "Қазақтың сөзінің 70 пайызы арабтікі, 30 пайызы орыстікі" деген діндардың шулы сұхбатын қосыңыз. Мұның бәрі ширек ғасырдан астам әдебиетке сәл қарағандықтың, елдің мәдениет саласын нарықпен реттеудің орнына, кеңестен қалған әкімшілдік-әміршілдік жүйемен басқарудың жемісі.

Бұлай жалғаса берсе, нарықтық талаптар қатаң орындалмаса мәдениетіміз де, тұрмысымыз да оңалмайды. Рухани сала құлдырап, әдебиеттің орынын діни фанатизм басады. Ел іші алатайдай бүлініп, болашағымыз бұлыңғырланады.

Есбол Үсенұлы