Келешекте бағдарламашы мамандығына сұраныс азаюы мүмкін.
Жасанды интеллект жүйесінің қарқынды дамуы салаға түбегейлі өзгеріс енгізгелі тұр. Алпауыт Microsoft компаниясы 2030 жылға қарай компьютерлік кодтың 95%-ын жасанды интеллект жасайды деп болжап отыр. Бұл IT саласына қалай әсер етеді?
Microsoft компаниясында қазір бағдарламалық кодтың шамамен 30%-ын жасанды интеллект жазады. Бұл туралы бірлестіктің бас директоры Сатья Наделла Meta басшысы Марк Цукербергпен ашық сұхбат кезінде айтты. Наделланың пікірінше, жасанды зерде бағдарламашыларды алмастырмайды, бірақ жұмысты ұйымдастыру тәсілін түбегейлі өзгертуі ықтимал. Айталық, әзірлеушілер кодты қолмен жазудың орнына тапсырмаларды дайындаса, күнделікті жұмыстарды алгоритм атқарады. Бұл мамандарға жобалау, стратегиялық шешімдер қабылдау секілді мәселелерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Сатья Наделла, Microsoft бас директоры:
- Жасанды интеллекттің әлеуеті зор. Бірақ жақсы нәтижеге жету үшін тек технологиялар емес, басқарудың жаңа тәсілдері қажет. Мысалы, электр энергиясының пайда болуын алайық. Оған ондаған жыл кетті. Бірақ оны тиімді пайдалану үшін зауыттардың жұмысын түбегейлі өзгерту қажет болды. Қазір біз де сондай кезеңде тұрмыз. Тек технология жеткіліксіз. Оны жаңа жүйелерге енгізу керек.
Meta басшысы Марк Цукерберг болса технологияның дамуын жеделдету үшін электр қуаты секілді бірнеше онжылдықты күтудің қажеті жоқ, дейді. Компания жасанды интеллект негізінде өнім әзірлеуді жеңілдететін жаңа бағдарламалау құралын сынақтан өткізуді бастап кетті.
Марк Цукерберг, Meta бас директоры:
- Қазір біздің басты мақсатымыз — Llama тілдік моделін өз бетінше дамыта алатын ақылды зердеге негізделген инженер құру. Біз келесі жылы бүкіл әзірлеу жұмысының жартысы адамдар емес, жасанды интеллект арқылы орындалатынына сенеміз. Бұл көрсеткіш өсе береді.
Meta конференцияда Llama тілдік моделі негізінде жасалған жеке дауыстық көмекшісін де таныстырды. Оны бірлестік Instagram, WhatsApp және Facebook секілді өз өнімдеріне енгізген. Жүйенің дәстүрлі дауыстық көмекшілерден айырмашылығы — табиғи диалог жүргізе алады.
Крис Кокс, Meta өнімдер бойынша директоры:
- Біз толыққанды екі жақты дауыстық байланыс функциясын жасадық. Жүйе жауаптарды жай оқып қана қоймайды, табиғи дауыспен сөйлейді. Әңгімелесіп отырған кезде сөзін бөлуге, күлуге болады. Яғни еркін әңгімелесуге ұқсайды.
Жасанды интеллект біртіндеп көмекші құрал деңгейінен шығып, цифрлық өндірістің қатысушысына айналып келеді. Google осы онжылдықтың соңына қарай жасанды интеллект өз кодын өзі өңдеп, жетілдіретін әрі алдыңғы қатарлы ғалым, суретшілермен бәсекелесе алатын деңгейге жетеді деп болжайды.
Фариза Жанғанаева, Сандуғаш Байғуаныш