Газетіміздің өткен санында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бастап, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатқанын хабарлаған едік. Енді, міне, ұлт саулығына, ұрпақ амандығына үндеген апталықтың қорытындысы жарияланды.

Апталық барысында еліміздің бар­лық аймағындағы тұрғындар репродук­тивті денсаулық, инфекциялық аурулар­дың профилактикасы, отбасын жоспарлау, ата-ана жауапкершілігі жөнінде білімін арттырды. Саламатты өмірді насихаттайтын іс-шараларға жастар, репродуктивті жастағы әйелдер мен ерлер, ата-аналар көптеп қатысты. Емха­налар мен Жастар денсаулығы орта­лықтары Ашық есік күндерін өткізді. Тұрғындар, әсіресе жастар дәрі­герлерден тегін кеңес алды. Жасөс­пірімдер, жастар және ата-аналар отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың, адам папилломасы вирусының профилактикасы тақырыбында өткен дәріс, семинарларға қатысты. Мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында тақырып төңірегінде арнайы сабақтар өтті.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, осы күндері республика көлемінде 14 350 іс-шара өткен. Оған 358 498 тұрғын қатысқан. Оның ішінде 83 389 ер адам болса, 157 476 әйел және 117 633 жасөспірім бар. Гинеколог, уролог, инфекционистер және басқа да мамандардың қатысуымен 3 636 ағартушылық кездесу мен дәріс өткен. Ақпарат құралдарында 238 сараптамалық материал, сұхбат пен баяндама жарияланған. Репродуктивті денсаулық тақырыбындағы іс-шараларға белсенді қатысқан аймақтардың алдында Алматы, Астана қалалары, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары тұр.

Апталықта әрбір күн нақты бір тақырыпқа арналады. Мысалы бір күн отбасын жоспарлау тақырыбы аясында іс-шаралар өтсе, екінші күн әйелдер денсаулығы тақырыбына арналды. Сонымен қатар ерлер денсаулығы, жас­тар денсаулығы, жыныстық жолмен берілетін инфекцияға қарсы іс-қимыл, адам папилломасы вирусына қарсы іс-шаралар өз алдына ұйымдастырылды. Ақпараттандыру жұмыстары барысында денсаулық саласындағы мамандар жастар мен жасөспірімдерге екпін қойды. Санаулы күнде 117 мыңнан астам бала аурулардың профилактикасы туралы сенімді ақпаратқа қанықты. Дәрігерлер мектеп, колледждерде ғана емес, әлеуметтік желілер мен телеарналар арқылы да ақпараттандыруға араласты. Апталықтың қорытындысы таяғанда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігерлерге алғыс айтты.

«Репродуктивті денсаулық мәдение­тін және профилактикалық медицинаны дамыту – болашақ ұрпақтың денсаулығына қосқан ең маңызды үлес. Барлық өңірге, медицина қызмет­керлеріне, әріптестер мен БАҚ-қа ап­талыққа белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіреміз. Репродуктивті денсаулық апталығы мемлекет, денсаулық сақтау жүйесі мен қоғамның күшін біріктіретін жыл сайынғы бастамаға айналады», деді Ақмарал Әлназарова.

Қорыта келе, Денсаулық сақтау министрлігі халықтың репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған бірнеше бағдарлама мен жобаны үйлестіріп жатқанын айта кеткеніміз дұрыс болар. Бүгінде өңірлерде 103 Жастар денсаулығы орталығы ашылды. Балалар гинекологиясын дамыту жөнінде 2026 жылға дейін жол картасы бекітілген. Балалар гинекологтерін қайта даярлау үшін біліктілікті арттыратын курстар өтіп жатыр. Ауыл-аймақтарда гинекологиялық аурулары бар жасөспірімдерге тиісті медициналық көмек көрсету бағыты жолға қойылған. Репродуктивті ден­саулық апталығында медицина ма­мандары ақпараттандырумен ғана шек­телмеді, осы бағыттағы жұмыстарды тағы күн тәртібіне шығарып, ширатып алды.