Американдық экскурсовод Деннис Кин Алматы қаласын үш тілде таныстырып жүр.
Ол шетелдік туристерге ағылшынша, орысша және қазақ тілінде қызмет көрсетді. Сонымен қатар Оңтүстік Астананың көрікті жерлерінен авторлық маршрут құрастырған. Орталықтағы тарихи нысандардан бастап, көрікті жерлерді жатқа біледі. Тіпті базарларды да туристік маршрутқа қосқан.
Ол негізінде өте танымал рок-жұлдыз Виктор Цой деген. Айтпақшы, Виктор Цойдың шежіресі: ол бір жағы орыс, бір жағы — қазақ пен кәріс. Оның әкесі Қазақстаннан, бірақ кәріс болған.
Американдық Деннис Кин Ұлыбританиядан келген қонақтарға Виктор Цойдың өмірбаяны мен шежіресін айтып жатыр. Кәріс ұлтынан шыққан әншінің қазаққа жақындығын және ескерткіштің не үшін Алматыда орнатылғанын түсіндірді. Ол қаланың әсем жерлерінен бөлек, тарихы және рухани мұрасына көп көңіл бөледі екен.
Деннис Кин, Алматы қаласы бойынша экскурсовод:
- Мен 12 жыл бұрын қазақ тілін үйрену үшін Алматыға келдім. Мен Америкада, негізінде қазақ тілін үйрене бастадым, Стэнфорд университетінде. Сосын грантпен Алматыға келіп, бір жазғы программада қазақ тілін үйрендім. Сосын әйеліммен таныстым, менің жолдасым қазақ қызы. Біз таныстық, сосын үйлендік, ал енді 12 жыл Алматыда тұрамын.
Экскурсовод туристерге Ұлы Абайды және оны танымал еткен Мұхтар Әуезов ескерткішін міндетті түрде көрсетеді. Мысалы кемеңгер жазушының 1960 жылы АҚШ-қа жасаған сапарына байланысты деректермен де бөліседі. Ол Әуезовтің күнделігін ағылшын тіліне аударып алған. Осылайша, қазақтың күйеу баласы Алматыда еңбек етіп жүр.
Деннис Кин, Алматы қаласы бойынша экскурсовод:
- Біріншіден, басында маған қиын болды, себебі мен қазақтарға қазақ тарихы, қазақ архитектурасы туралы айтамын ба? Ол қызық. Бірақ олар менің турларымды өте жақсы көреді, себебі мен басқаша айтамын.
Америкалық гид «Алматы» қонақ үйінің архитектурасын зерттеп, «Еңлік пен Кебек» мозаикасына қатысты қызықты мәлімет жинаған. Мысалы, ғимараттың қасбетіндегі екі белгіні зерттеген. Алғашқы «З» әрпі Санкт-Петербургтегі Императорлық шыны зауытының белгісі екен. Ал «БОН» таңбасы мозаика өнерін Ватиканнан Ресейге алып келген италиялық шеберлердің мөрі. Айта кетейік, Дэннис ұлттық үлгіде безендірілген 100-ден аса нысанның онлайн каталогын жасаған.
Алис Уэзерли, турист /Ұлыбритания/:
- Мен Орталық Азияны аралап жүрмін, жақында Алматыға келдім. Қала өзінің заманауилығымен және жасыл саябақтарымен таңғалдырды. Экскурсия Қазақстан мәдениетін тереңірек түсінуге көмектесті — Ұлы Жібек жолынан бастап бүгінге дейін. Әсіресе қонақ үйдегі мозаикада тыйым салынған махаббат хикаясы бейнеленген. Дэннистің әңгімелері мені шын мәнінде тәнті етті.
Дэннистің айтуынша, Алматыға келетін туристер саны жыл сайын артып жатыр. Әсіресе Үндістан, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінен, одан кейін АҚШ пен Еуропадан келетіндер көп екен. Қытайлық туристер де көбейіп келеді.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов