Депутат Ерболат Сатыбалдин екінші деңгейдегі банктерге (ЕДБ) тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беруді сұрайды. Қазіргі уақытта бұл құқыққа тек Отбасы банкі ғана ие екені белгілі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол ұзақ мерзімді ипотекалық қаржыландыру нарығын құру кезінде БЖЗҚ қаражатын пайдалану, сондай-ақ пайыздық мөлшерлемелерді төмендету жайын да қарастыру қажет деп санайды.
Мәжіліс депутаты бұл ретте rent-to-buy (баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алу) жүйесін енгізу идеясын алға тартады.
"Мысалы,ай сайынғы 200 мың теңге төлемнің 50 мың теңгесі жинақ ретінде есепке алынады. Осылайша, үш жыл ішінде азамат қаражат жинап қана қоймай, сонымен қатар төлем қабілеттілігін де растайды. Бұл жүйе, әсіресе жастарға, жалғызбасты аналарға және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолайлы болар еді", — деп атап өтті Сатыбалдин.
Басқа ұсыныстар арасына, мәселен "жылдам ипотека" цифрлық жүйесі де бар. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен ЕДБ арасында деректер алмасу тетігін құру, сондай-ақ автокредиттеуге ұқсас тұрғын үй қарыздарын рәсімдеу үшін онлайн-платформаны айналымға енгізу.
"Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды баспанаға мұқтаж азаматтарға бағыттау қажет. Субсидиялар екінші нарық пен инвестициялық сатып алулардан тыс тек бірінші тұрғын үй нарығынан баспана сатып алушыларға ұсынылуы керек. Жалпы, тұрғын үй саясаты Өңірлік даму бағдарламаларымен тығыз байланысты болуы тиіс, сонда бұл көші-қон ағындарын теңестіруге және өңірлерді кешенді дамытуға мүмкіндік береді", — деп сөзін толықтырады депутат.
Бұған дейін ҚР Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2025 жылғы 11 сәуірде өткен брифингте жаңа корпоративтік табыс салығы (КТС) енгізілген жағдайда ипотекалық несиелендіру бағытында банктер үшін қандай тәуекелдер туындауы мүмкін екенін айтқан болатын.