Қайтарылған активтерден түскен қаражат есебінен 945 млн теңге Балқаш әуежайын қайта жаңғыртуға бөлінді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Үкіметтің мәліметінше, қаражат арнайы мемлекеттік қордан мемлекет басшысының өңірлік көлік хабтарын дамыту және әуе қатынасының қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында бөлінген.
"Нысанды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және әуе айлағының негізгі көрсеткіштерін халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Өткізу қабілеті 30%-дан аса өседі", — делінген хабарламада.
Үкіметтің хабарлауынша, бүгінгі таңда айтарлықтай жұмыс көлемі орындалған – әуежайдың негізгі ғимараты мен қосымша құрылыстарының шатырын орнату, терезелерді монтаждау, кәріз және су құбыры желілерін жүргізу аяқталған. Сондай-ақ кәріз-сорғы станциясы, блокты-комплектілі трансформаторлық қосалқы станция, желдету және жылыту жүйелері орнатылған.
Қазіргі уақытта әуежайды қызмет көрсетуге қажетті бірінші кезектегі аэродромдық арнайы техниканы сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзі жүретін трап, аэродромдық өрт сөндіру көлігі және жанармай құю машинасы сатып алынды.
Үкіметтің баспасөз қызметі атап өткендей, президент жолдауын іске асыру аясында Қазақстанда авиациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайларын мультимодальды хабтарға айналдыру үшін ауқымды жаңғырту жұмыстары бар. Сонымен қатар негізгі туристік аймақтарда (Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі) жаңа әуежайлар салу және өңірлік әуе айлақтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.