Жамбыл облысында жазасын өтеп, кейін қайта қылмыс жасайтындардың саны 33 пайызға төмендеген, деп хабарлайды 24KZ. «Мұндай көрсеткішке «Қайта құқық бұзушылықтар превенциясы» жобасы аясында қол жеткізілді», – дейді прокурорлар. Бұған дейін құзырлы орган жергілікті билік, пробация қызметі мен полицияның жұмысын жүйеге келтірген. Осы құқықбұзушылықтардың алдын алу жолдары облыстық форумда талқыланды.

«Қайта құқық бұзушылықтар превенциясы» жобасы аймақта былтыр жүзеге аса бастады. Бұрын ерекше бақылауға алынғандар тізімінде тек сотталғандар болса, енді бостандыққа шыққан, әкімшілік қадағалаумен босатылған және полиция тіркеуінде тұрғандар да бақылауға алынды. Осының нәтижесінде қайта жасалатын қылмыс төмендеп отыр.

Елдар Баймешов, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Өткен жылы маусым айынан бастап бұрын сотталғандармен жасалған қылмыстар 23% құраған. Жылдың басына дейін жоба аясында бұрын сотталғандармен жасалған жұмыстардың арқасында 6% дейін түсірдік. Оның ішінде пробация қызметкерлерімен жасалған қылмыстар көрсеткіші едәуір төмен түсті.

Жоба аясында пробация қызметіне 10 автокөлік берілді. Сала мамандары көліктерді шалғай елді мекенде тіркеуде тұрғандарды тексере алады. Сонымен қатары биыл «Отбасының цифрлық картасы» бағдарламасы Байзақ ауданында пилоттық режимде жұмысын бастады. Бағдарлама есепте тұрған адамдарды автоматты түрде санатқа бөледі. Нәтижесінде 55 адамның қиын жағдайда тұрғаны анықтаған. Ал оларды әлеуметтендіру мақсатында жергілікті билік құқықтық көмек беріп жұмыспен қамтып жатыр.

Жазира Нұрсейітова, ҚАЖ департаменті бөлімінің аға инспекторы:

- Пробация қызметінде 1471 сотталған есепте тұрады және олардың ішінде 869-ы жұмысқа орналасқан. 1471 сотталғанға да психологиялық көмек көрсетілген және біржолғы жәрдемақымен 116 сотталғанға көмек көрсеткенбіз. Яғни мекемеден босап шыққан сотталғандарға біржолғы жәрдемақымен көмек көрсетіледі.

Аймақта сотталғандарды жұмыспен қамту жүйелі жолға қойылған. Мысалы, №25 түзеу мекемесіндегі тігін цехында 100 сотталушы еңбек етеді. Олар полицейлер пен әскерилерге арнап қызметтік форма тігеді. Жалпы аймақтағы түзеу мекемелерінде өндірістік бағыттағы 21 цех жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә