Күні кеше БАҚ-та Ақтауда Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов пластикалық ота салдарынан көз жұмғаны туралы ақпарат жарияланған. Осыған қатысты клиниканың бас дәрігері Артур Тажиев мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Емхананың бас дәрігері БАҚ-та айтылған отаны жасамағанын мәлімдеді. Ол ресми мәдімдемесін Instagram желісіндегі парақшасында жария еткен.
"Әлеуметтік желілерде тарап жатқан шындыққа сай келмейтін және екіұшты ақпарат бойынша жарияланымдарда ота жасады деп айтылып жатқан дәрігер ота жасамаған.
Ербола Аутуовтың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
Сонымен бірге кей жарияланымдарда клиниканың лицензиясы жоқ деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Клиника медициналық, оның ішінде анестезиология және реаниматология саласында қызметін 31.05.2015 жылғы № 00650DE лицензиясына сай жүзеге асырып келеді. Бұны тиісті рұқсат құжаттары арқылы растауға болады", — деп жазған ол.
Одан бөлек Тажиев жалған ақпарат таратпауды, барлық фактілер мен мән-жайлар құжат түрінде заңда көрсетілген тәртіппен расталатынын да айта кетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Stan.kz басылымы Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов Ақтаудағы пластикалық отадан кейін көз жұмғанын жазған еді. 49 жастағы ер адам иегіне липосакция жасату үшін клиникаға жүгінген.
4 сәуірде наркоз енгізу кезінде емделушінің жағдайы күрт нашарлап, қан қысымы мен қанындағы қант деңгейі көтеріліп кеткен. Бұл ишемиялық инсультке және комаға әкеп соқтырған. Бір айдан кейін ол қайтыс болды.
Жоспардан тыс тексеріс клиникадан бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Өңір прокуратурасы іс құзыреттілігіне қарай полицияға жолданғанын хабарлады.
Артынша аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын да жазған едік.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз