Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Италия Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының « Орталық Азия + Италия» бірінші саммитінің қорытындысы бойынша бірлескен декларациясы қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
- 2025 жылғы 30 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласына Орталық Азия елдері басшылары мен Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасының кездесуіне қатысу үшін келген Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджиа Мелониді, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевті қабылдады.
- Ашық әрі сындарлы диалог барысында көшбасшылар өңір мен Италия арасындағы тарихи байланыстарды еске сала отырып, Орталық Азия мен Италия арасындағы өзара ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегі жөнінде пікір алмасты және дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері отыз жыл ішіндегі байланыстардың дамуын жоғары бағалады.
- Көшбасшылар 2024 жылы Римде өткен «Орталық Азия + Италия» форматындағы үшінші министрлер конференциясынан кейін қол жеткізілген жетістіктерді құптап, ортақ құндылықтар, өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
- Екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымын, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері мен Италия арасындағы байланыстардың Еуропа Одағы (ЕО) және басқа да көпжақты алаңдар аясында дамып келе жатқанын атап өтілді.
- Италия Үкіметінің басшысы Орталық Азия елдерінің өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылысына қолдау білдірді. Осы ретте, Консультативтік кездесулердің Орталық Азия мемлекет басшыларының өңірлік әріптестігін ілгерілету, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, орнықты дамуды қамтамасыз ету және өңірлік сын-қатерлерге бірлесіп әрекет етудегі маңыздылығы хабарланды.
- Көшбасшылар 2025 жылғы 13 наурызда Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Мемлекеттік шекара туралы шарттың, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы мемлекеттер шекараларының түйісу нүктесі жөніндегі келісімнің қол қойылуын құптады. Бұл аймақтағы бейбітшілік пен өркендеуге ықпал ететіні атап өтілді.
- Саммит Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынастардың қарқынын құптап, 2023 жылы әзірленген Өзара ынтымақтастың бірлескен жол картасы мен ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі стратегиясының маңыздылығын атап өтті. Көшбасшылар 2025 жылғы 27 наурызда Ашхабадта өткен Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматындағы 20-шы министрлік кездесудің және 2025 жылғы 3-4 сәуірде Самарқандта өткен алғашқы «Орталық Азия – ЕО» саммитінің нәтижелерін ерекше бағалап, кездесудің ынтымақтастықты стратегиялық әріптестік деңгейіне жоғарылауын оң бағалады.
- Көшбасшылар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның мамандандырылған агенттіктері жүйесіндегі көпжақты платформалар аясындағы бірлескен күш-жігер мен ағымдағы жобалар үшін ризашылықтарын білдірді. Италия мен Орталық Азия елдері арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың бай тарихын ескере отырып, көшбасшылар Италияның қауіпсіздік, экология және инфрақұрылым мәселелерін шешудегі белсенді рөлін және берік ұстанымын, сондай-ақ өңірде ынтымақтастық пен инновацияны ілгерілетуге бағытталған бастамаларын мойындады.
- Көшбасшылар бейбітшілік, қауіпсіздік, демократия, адам құқықтары, заң үстемдігі және тұрақты даму мақсатында ықпалдастықты нығайтуға бейілдігін растады. Орталық Азия мен Италия басшылары БҰҰ Жарғысында көзделген принциптерге, атап айтқанда, барлық мемлекеттердің тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығын құрметтеу, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау, күш қолданудан немесе күш қолдану қаупінен бас тарту және халықаралық дауларды бейбіт жолмен реттеу қағидаттарына бейілдігін білдірді. Олар халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарына сәйкес барлық жанжалдарға қатысты әділетті әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуді қолдады.
- Африка құрлығының орнықты дамуына қол жеткізу мақсатында ынтымақтастық мүмкіндігін талқылауға дайын екені білдірілді, бұл ретте Италияның стратегиялық көзқарасы – Маттей жоспары негізге алынды.
- Көшбасшылар жаһандық негізгі сын-қатерлерді шешудің маңыздылығын атап өтті. Олар жаңа пайда болып жатқан қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылды күшейту, климаттың өзгеруіне, терроризмге және киберқауіптерге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, сондай-ақ фентанил секілді прекурсорларды қоса алғанда, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың барлық түрлерінің заңсыз айналымына қарсы күресте ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге келді.
- Осыған орай, Көшбасшылар құқық қорғау органдарының ынтымақтастығына, есірткі, қару-жарақ және адам саудасы сияқты заңсыз айналымына қарсы күреске, сондай-ақ дерадикализация шараларына және экстремизмнің алдын алуға ерекше назар аудара отырып, аймақтық деңгейдегі тұрақты кездесулер арқылы Италия мен Орталық Азия елдері арасындағы қауіпсіздік саласындағы диалог пен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті. Сондай-ақ, ақпарат, тәжірибе, үздік тәжірибелермен алмасу және арнайы мамандарды даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді.
- Көшбасшылар Орталық Азия мен Италия арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың тұрақты өсуін құптап, сауда-саттық, инвестициялар және шағын мен орта кәсіпкерлікті қолдау салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара бейілдігін растады.
- Орталық Азия мен Италия арасындағы тұрақты экономикалық өсу мен екіжақты сауданың тұрақты артуына негізделе отырып, Көшбасшылар табиғи ресурстар, климат және энергетика – соның ішінде жаңартылатын энергия көздері (мысалы, күн, жел, су энергиясы және басқалары), маңызды шикізат материалдары, ауыл шаруашылығы, байланыс және маңызды инфрақұрылым сияқты өзара байланысты салаларда ынтымақтастықты кеңейту үшін шаралар қабылдауға келісім жасады. Бұл, сонымен қатар, ЕО-ның «Global Gateway» стратегиясы аясында жүзеге асырылатын болады.
- Көшбасшылар Арал теңізі дағдарысы, мұздықтардың еруі және таулы аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету сияқты экологиялық мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтті. Олар су мәселелері бойынша, оның ішінде энергия үнемдейтін және ресурстарды тиімді пайдаланатын технологияларды енгізу саласында одан әрі ынтымақтастықтың маңыздылығын айтты және осы бағыттағы жоғары деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыру бастамаларын қолдады. Көшбасшылар, сондай-ақ, Италияның Орталық Азиядағы экологиялық бастамаларға, соның ішінде Арал теңізі дағдарысына қатысты пилоттық жобаларға қатысуын қолдады.
- Көшбасшылар Орталық Азия мен Италия арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін атап өтті және осы салада барлық деңгейде серіктестікті күшейтуге шақырды. Олар жаңартылатын энергия көздері жобаларына шетелдік инвестицияларды тарту және тұрақты энергетикалық шешімдерді ілгерілету үшін тиімді заңнамалық және реттеуші базаны құрудың маңыздылығын таныды. Көшбасшылар Италияның технологиялық инновациялар саласындағы тәжірибесін атап өтіп, оның жаңартылатын энергия көздерін дамытуға катализатор ретінде қызмет ете алатынын көрсетті.
- Көшбасшылар Орталық Азия мемлекеттерінің жаңартылатын энергия және сутегін өндіру саласындағы айтарлықтай әлеуетін атап өтті.
- Олар Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тиімді әрі сенімді мультимодальды көлік дәлізі ретінде дамытуға қолдау білдіріп, италиялық теміржол және логистикалық компаниялардың көлік, инфрақұрылым және консалтинг жобаларына қатысуына ықпал ететінін мәлімдеді. Көшбасшылар аймақтағы теміржол байланысын жақсартудың маңыздылығын атап өтті және ЕО «Жаһандық шлюз» стратегиясында белгіленген ортақ басымдықтарды көрсететін ТХКБ дамытуды жалғастыруға келісті.
- Көшбасшылар климат пен цифрлық мақсаттарға жету үшін маңызды шикізатты өндіру мен өңдеуге байланысты негізгі мәселелерді шешу қажеттігін мойындады. Осыған байланысты, Орталық Азия мемлекеттері мен Италия өзара тиімді әріптестіктер орнатып, өндіруші елдерде қосылған құн тізбектерін құру арқылы тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге келісті.
- Көшбасшылар Орталық Азияның кейбір аймақтарындағы тұрақты өсімді қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалардың экономикалық, экологиялық және қала құрылысы салдарларын ескеру маңызды екенін мойындады.
- Көшбасшылар білім және институционалдық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен шараларды іске қосуды қолдады. Олардың қатарына 2026 жылға дейін «Орталық Азия + Италия» форматында су ресурстары саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізу және 2027 жылы энергия өндірудің тұрақты технологияларын ілгерілету мен оның тиімділігін арттыруға бағытталған энергетикалық ынтымақтастық жөніндегі дөңгелек үстел ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстар кіреді.
- Көшбасшылар энергетика, су ресурстары, орнықты ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және байланыс сияқты салалардағы ортақ жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін білім алмасу алаңдарын құрудың маңыздылығын атап өтті. Осы мақсатта алты ел арасында білім мен тәжірибе алмасу желілерінің құрылуы құпталды. Италияның өңірдегі технологиялық бағдарламаларға қосқан үлесі инновациялар мен өзара іс-қимылды ілгерілетудің маңызды факторы ретінде ерекше аталды.
- Көшбасшылар көші-қон саласындағы ықтималды ынтымақтастыққа қызығушылығын танытып, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
- Көшбасшылар академиялық алмасу, ғылым, зерттеулер және инновациялар, сондай-ақ туризм саласындағы байланыстарды нығайту қажеттілігін атап өтті. Жастардың алмасуын жандандыру және жас буын өкілдерін жақындастыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру қажеттілігі атап өтілді. Италияның өңірдегі технологиялық бағдарламаларға қосқан үлесі инновациялар мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін негізгі фактор ретінде атап өтілді.
- Көшбасшылар өзара байланыстарды одан әрі жандандыруға ниетті екенін білдіріп, Қырғыз Республикасының 2027 жылы келесі «Орталық Азия + Италия» саммитін өз аумағында өткізу, сондай-ақ 2026 жылдың көктемінде Италияда Сыртқы істер министрлерінің Төртінші конференциясын ұйымдастыру ұсынысын назарға алды.
- Италия Республикасының Министрлер Кеңесінің Төрағасы мен Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері Қазақстан Республикасының Президентіне қонақжайлылығы мен кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.