Африкада тырысқақ өршіген үстіне өршіп барады. Дерт жұқтырғандар қатары қазір 300 мыңнан асты. Бұл кейінгі 25 жылда болмаған жағдай. Бұған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алаңдаулы. Өйткені қауіпті вирустан қазірдің өзінде 7 мыңнан аса адам көз жұмды. Бұл былтырғыдан 30% көп. Дәрігерлер ахуалдың ушығып кету қаупі жоғары екенін ескертеді. «Бұлай кете берсе, арты тағы бір эпидемияға ұласуы мүмкін», – дейді олар.

Африканың 23 елінде тырысқақ індеті өршіп тұр. Дерттің таралу қарқыны әсіресе Ангола, Бурунди, Замбия және Конго Демократиялық Республикасында жоғары. Таза су мен санитарлық жағдайдың жеткіліксіздігі жағдайды одан әрі ушықтырған. Аурудың басты себебі де осы. Инфекция тез таралады. Шұғыл ем қабылдамаса, қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Мәселен, Оңтүстік Суданда халықтың тек 16%-і санитарлық талаптарға сай жерлерде өмір сүреді. Ал көршілес Суданда халықтың 35%-і ғана таза ауызсу ішіп отыр. Сарапшылар мұндай көрсеткіштер аурудың кең таралу қаупін арттырып отырғанын айтады.

Татьяна Петрова, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

- Тырысқақ індетінің таралу қаупі әлемде әлі сейілген жоқ. Санитария деңгейі төмен елді мекендерде жағдай одан сайын ушығады. Әсіресе халық көп шоғырланған аймақтар мен босқындар лагерьлерінде қауіп жоғары. Ондай жағдайда инфекция тез тарайды.

Тырысқақ алғаш рет XIX ғасырдың басында Үндістанның Бенгал аймағында тіркелген. Ауру көп ұзамай Азияға, Таяу Шығысқа және Еуропаға жетіп, жаһандық деңгейдегі індетке айналды. Сол уақыт аралығында тырысқақтың жеті ірі толқыны тіркелді. Африка құрлығында бұл қауіп әлі сейілер емес. Ең ірі жағдай 2008 жылы Зимбабведе болды. Онда төрт мыңнан астам адам қаза тауып, 100 мыңға жуық адам ауру жұқтырған.

Жиль Фаньню, БҰҰ балалар қорының өкілі:

- Бұл тек Африка құрлығындағы тұрғындардың мәселесі емес. Вирустың таралу қаупі өте жоғары. Жауын-шашынның мол түсуі, ірі су тасқындары мен халықтың көп қоныстануы аурудың таралуын күшейтті. Бұл жағдай әсіресе балалардың өміріне үлкен қауіп төндіріп тұр.

Мамандар тырысқаққа қарсы вакцина жеткіліксіз екенін жасырмайды. Қажетті дозаның болмауы тырысқақпен күресті әлсіретіп тұр. Сарапшылар уақыт оздырмай шұғыл әрекет етуді талап етеді. Олардың айтуынша, мұндай қарқынмен қауіпті дерт көп ұзамай өзге елдерде де өршуі мүмкін.

Авторы: Динара Орынтай